Полиция аға лейтенанты Әлемгүл Серік: Қызметіміздің басты мақсаты – адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Полиция қызметі – тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмейтін, үлкен жауапкершілік пен адамгершілікті талап ететін мамандық. Әсіресе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында еңбек ететін мамандар күн сайын түрлі тағдырмен бетпе-бет келіп, адамдардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға үлес қосып келеді. Полиция күні қарсаңында Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Әлемгүл Серікпен әңгімелесіп, оның мамандық таңдауы, қызмет барысындағы тәжірибесі және полиция қызметінің көпшілік біле бермейтін қырлары туралы сұрап білдік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
– Ең алдымен, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Полиция қызметін таңдауыңызға не түрткі болды?
– Мен полиция саласында қызмет атқарып жүрген жас маманмын. Бұл мамандықты таңдауыма ең алдымен адамдарға көмектесуге деген ішкі ниетім әсер етті. Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік, сондықтан бұл жолды саналы түрде таңдадым.
Бала кезден әділдікке, жауапкершілікке және қоғамдық тәртіпке бейжай қарай алмайтынмын. Уақыт өте келе осы қасиеттерім мені құқық қорғау саласына алып келді. Өйткені полиция қызметкері тек заң талаптарын орындаушы ғана емес, қиын сәтте азаматтарға қолдау көрсететін, олардың мәселесін тыңдайтын әрі көмек қолын созатын маман болуы керек деп есептеймін.
Бұл мамандық күн сайын өзіңді дамытуды, төзімді болуды және әр шешімге үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Сондықтан полиция формасын кию мен үшін жай ғана қызмет емес, халық алдындағы сенім мен міндетті арқалау дегенді білдіреді.
– Қызмет жолында өмірлік ұстанымыңызға ерекше әсер еткен оқиға болды ма?
– Қызмет барысында түрлі тағдыр иелерімен кездесеміз. Әсіресе отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жұмыс істеген кезде адамдардың өміріндегі қиын сәттердің куәсі боласың. Әр оқиғаның артында бір отбасының тағдыры, баланың болашағы немесе адамның жан күйзелісі тұруы мүмкін. Осындай жағдайлар маған әрбір қабылданған шешімнің қаншалықты маңызды екенін терең түсіндірді. Бұл жұмыс сабыр сақтауды, эмоцияға берілмей жағдайды жан-жақты бағалай білуді және әр адамға түсіністікпен қарауды үйретті.
Кейде бір ауыз дұрыс сөз немесе уақытында көрсетілген көмек адамның өміріне оң өзгеріс әкелуі мүмкін. Сондықтан біздің жұмысымызда кәсібилікпен қатар адамгершілік қасиеттердің де орны ерекше.
– Полиция формасын алғаш киген сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Алғаш рет полиция формасын киген сәтте ерекше мақтаныш пен толқу сезімін бастан өткердім. Себебі бұл форма – үлкен сенімнің, тәртіптің және халық алдындағы жауапкершіліктің белгісі.
Сол күннен бері өзімнің де өзгергенімді байқаймын. Жауапкершілік артып, әр іске байыппен қарауға үйрендім. Өз-өзімді үнемі жетілдіруге, кәсіби білімімді арттыруға және адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға көбірек мән беретін болдым. Бұл қызмет адамды тәртіпке ғана емес, төзімділікке, сабырлылыққа және кез келген жағдайда салқынқанды шешім қабылдауға тәрбиелейді.
– Қоғамда полиция қызметкерлері туралы түрлі пікір қалыптасады. Маман ретінде халық білуге тиіс, бірақ көпшілік мән бере бермейтін полиция қызметінің қандай қырлары бар деп ойлайсыз?
– Көпшілік полиция қызметкерлерін көбіне құқық бұзушылықтармен күресетін маман ретінде ғана көреді. Алайда біздің күнделікті жұмысымыздың басым бөлігі адамдарға көмек көрсетуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және түрлі өмірлік қиындықтарды шешуге бағытталған.
Әсіресе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласында тек заң талаптарын орындап қана қоймай, адамдармен сөйлесуге, оларды тыңдауға, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және қауіптің алдын алуға көп күш жұмсаймыз.
Полиция қызметкері – тек заң өкілі емес. Ол тәулік бойы қоғам тыныштығы үшін еңбек ететін, қиын жағдайда азаматтардың жанынан табылатын маман. Кейде адамдар біздің жұмысымыздың нәтижесін көрмеуі мүмкін. Бірақ күн сайын көптеген оқиғаның ушығып кетпеуі – осы көзге көрінбейтін профилактикалық жұмыстың жемісі. Сондықтан полиция қызметінің басты құндылығы – тек құқық қорғау емес, ең алдымен адамға қызмет ету, оның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет!