Оқу-ағарту министрі қоғамдық қабылдау өткізді
Жұлдыз Сүлейменова қабылдау барысында білім беру саласына қатысты азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларды әлеуметтік қолдау, оның ішінде оқу шығындарын өтеу, түлектерді жұмыспен қамту және олардың тұрғын үй мәселелерін шешу бағытындағы мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ педагогтерді жұмысқа орналастыру, мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешілерінің еңбек құқықтарының сақталуы және еңбекақы төлеу мәселелері қарастырылды.
Азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері инклюзивті білім беруді дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Оның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары және менталдық ерекшеліктері бар балаларды қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері көтерілді.
Қабылдау қорытындысы бойынша Жұлдыз Сүлейменова министрліктің салалық комитеттері мен құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Барлық өтініштер бойынша қолданыстағы заңнама аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер министрдің бақылауына алынды.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова азаматтарды офлайн және онлайн форматтарда қоғамдық қабылдауды тұрақты түрде өткізеді. Қоғамдық қабылдау азаматтарды қабылдау жөніндегі мамандандырылған орталықта, Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, 16-кіреберіс мекенжайындағы Министрліктер үйінде өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Жұлдыз Сүлейменованың республикалық оқыту семинарының ашылуына қатысқаны туралы жаздық.