Мемлекеттік қызмет алушылардың құқығы қалай қорғалуда
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету — мемлекеттік аппарат қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір азамат мемлекеттік қызметті уақытылы, кедергісіз және сапалы алуға құқылы, ал бұл процестің заңдылығын қадағалау — Департаменттің тікелей міндеті.
Жақында, Департаментке мемлекеттік қызмет алу барысында қиындықтарға тап болған азаматтардан шағымдар түсіп, олар бойынша тиісті жедел шаралар қабылданды.
Осылайша, астаналық азамат өзінің жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы құжаттың телнұсқасын алу үшін берген өтініші ақпараттық жүйедегі біраз уақыт «өңдеуде» статусында тұрып қалып әрі қарай өзгермегенін және нәтижесінің жоқтығына шағым түсірген. Департамент мамандары мәселені бақылауға алып, уәкілетті органмен бірге тиісті шаралар қабылданып, қызмет алушының мәселесі шешілді.
Сонымен қатар, келесі қызмет алушы «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы көлігіне мемлекеттік нөмір алуға өтініш берген. Қолданыстағы заң бойынша бұл қызмет 5 жұмыс күні ішінде орындалуы керек болса да, белгіленген мерзімде дайын болмаған. Азаматша Департаментке жүгініп, процесті жеделдетуді сұрады. Департамент мамандары уәкілетті органдарға ресми сұрау салып, нөмірдің іс жүзінде дайын екенін анықтады және дайын нөмірді тиісті орталықтан алуға болатыны түсіндіріліп, құқығы қалпына келтірілді.
Бұл жағдайлар — мемлекеттік органдардың азаматтар мүддесі үшін қалай әрекет етуі керектігінің нақты көрсеткіші. Департамент әрбір шағымды мұқият зерттеп, заң бұзушылықтарды анықтайды және істі нақты нәтижеге дейін жеткізеді, себебі қызмет алушының уақытын үнемдеп, сенімін ақтау басты мақсат болып табылады. Әрбір шағым — жүйедегі олқылықтарды түзеп, халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға берілген мүмкіндік.