«ҚазМұнайГаз» ЖИ көмегімен қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруді көздеп отыр

«ҚазМұнайГаз» ЖИ көмегімен қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруді көздеп отыр
Фото: Үкімет

«ҚазМұнайГаз» Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект қолданылатын цифрлық телнұсқа жобасын алғаш рет жүзеге асырды. Жаңа технологияның көмегімен кен орнынан қосымша 161 мың тонна мұнай өндіру әлеуеті анықталды. Оның шамамен құны – 16 млрд теңге, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.

Шығыс Молдабек кен орнындағы мұнай қоры шамамен 14,8 млн тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта оның 36,7%-ы игеруге тартылған.

Асхат Хасеновтің айтуынша, цифрлық қабат аясында ЖИ кен орнын игерудің 600-ден астам сценарийін есептеп шыққан. Бұған дейін мұндай есептеулерге бір айдан астам уақыт қажет болса, қазір бұл жұмыс алты күнде орындалады.

Цифрлық модельдеу бастапқыда жоспарланған алты тік ұңғыманың орнына екі көлденең ұңғыма бұрғылаудың тиімді екенін анықтауға мүмкіндік берген. Осы шешімнің өзінен экономикалық тиімділік 640 млн теңгені құрады. Сонымен қатар мұнай өндіру көлемін 45%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұған дейін мұндай шешімдер негізінен әртүрлі жүйеде талдамалық әдіспен таңдалған сценарийлердің шектелген жиынтығы негізінде қабылданып келді. Осылайша, «Цифрлық телнұсқаны» қолданудан осы кен орнынан қосымша 161 мың тонна мұнай өндіру әлеуетін көріп отырмыз, бұл шамамен 16 млрд теңге», – деді Асхат Хасенов.

Сонымен қатар кен орнында бұрғылау барысын онлайн бақылауға арналған «цифрлық ұңғыма» және зияткерлік басқару стансалары бар «цифрлық өндіру» жүйелері енгізілді. Компания мәліметінше, бұл өндірістік шығындарды 5%-ға дейін, ал еңбек шығындарын 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта цифрлық телнұсқа технологиясын негізгі кен орындарына тарату жоспарланып отыр.

«Кен орындарының цифрлық телнұсқасы өндірудің шамамен 90%-ын қамтамасыз ететін ТОП-12 кен орнына енгізіледі. Жобаны енгізуден 2030 жылға дейін қосымша 2,9 млн тонна мұнай өндіру күтіледі», – деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.

Бұған дейін еліміз мұнай өңдеуді 39 млн тоннаға дейін ұлғайтатыны хабарланған еді.