Игі істер марафоны: Астанада жүздеген отбасыға азық-түлік себеті тапсырылды

Игі істер марафоны: Астанада жүздеген отбасыға азық-түлік себеті тапсырылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада 15 наурыз күні «Наурызнаманың» онкүндігі аясында Қайырымдылық күніне орай жүздеген отбасыға азық-түлік себеті тапсырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Наурыз мерекесі қарсаңында және Қайырымдылық күніне орай Астана қаласының әкімдігі мен демеуші «YDA GROUP» көпсалалы өндірістік компаниясы және «Астана жастары» еріктілерінің қатысуымен қайырымдылық акциясын өткізді.

Акция аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған және қиын материалдық жағдайда қалған 250 отбасыға азық-түлік жиынтықтары таратылды. Онда әр отбасыға салмағы 25 келі жиынтық табысталады. Оның құрамына: күріш, қарақұмық, ұн, макарон өнімдері, өсімдік майы, қант, шай және жарма түрлері бар.

«Жыл санау бойынша қазақта жаңа жыл Наурыз айынан басталады. Әрі бұл айда бұлақ көрсе көзін ашатын халқымыз барынша ізгілік жолында еңбек етуге тырысқан. Сол ізгі дәстүрді жалғап, халыққа азық-түлік таратып жатқан «YDA GROUP» көпсалалы өндірістік компаниясы мен қала әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз», – дейді қала тұрғындарының бірі.

Еске сала кетсек, Қайырымдылық күн қарсаңында біз елордалық бірқатар қордың жетекшілерін сөзге тартқан едік.