Елордада велосипед ұрлаған күдікті жедел ұсталды
Астана қаласы Байқоңыр аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында велосипед ұрлығын жасаған 33 жастағы азаматты анықтап, қолға түсірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Белгісіз тұлға құлыптаулы тұрған «Trinx» маркалы велосипедті ұрлап кеткен. Осылайша жәбірленушіге 80 мың теңгеге жуық шығын келтірген.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде күдіктінің ұрланған мүлікті сатып жіберіп, түскен қаражатты жеке қажеттілігіне жұмсағаны белгілі болды. Ол өз кінәсін толық мойындады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды жеке мүлікке сақ болуға, велосипедтерді арнайы құлыппен бекітіп, мүмкіндігінше бейнебақылау орнатылған орындарға қалдыруға шақырады.