31 елордалық сүрленген ет аламыз деп алаяққа алданған

Бүгін, 10:47
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
31 елордалық сүрленген ет аламыз деп алаяққа алданған
фото: Оңалхан Өнерхан

Кәсіпкер Instagram және WhatsApp арқылы жылқының сүрленген етін арзан бағамен сату сылтауымен азаматтардан алдын ала төлем қабылдап, тауарды жеткізу жөніндегі міндеттемелерін әуел бастан орындауды ниет етпеген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Сатып алушыларды алдау мақсатында ол бұған дейін орындалған тапсырыстар мен оң пікірлерді пайдаланған, ал алынған ақшалай қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде 31 жәбірленушіге жалпы сомасы 1,7 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен келтірілген залалдың толық өтелгенін ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгіленіп, 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Елорда прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сатып алу кезінде қырағы болуға және тексерілмеген сатушыларға алдын ала төлем ретінде ақша аудармауға шақырады.

Еске салайық, бұған дейін бес айда мал ұрлаумен айналысқан 58 топ ұсталғаны туралы жаздық.