Елордада сазгер кітабының таныстырылымы өтті

Бүгін, 15:27
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада сазгер кітабының таныстырылымы өтті
Фото: ұйымдастырушылардан

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық композиторлар одағының мүшесі, сазгер Мәриям Алғалиқызының «Рухыңмен асқақтай бер, қазақ елі!» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жаңа басылымға автордың нотаға түсірілген әндері мен әндеріне жазған өлеңдері жинақталып, қазақ тіліндегі нұсқаларымен бірге ұсынылған. Кітапта сазгердің әр жылдары жазылған музыкалық шығармалары мен поэзиялық туындылары қамтылған.

Басылымның кейінгі бөлімдерінде автордың шағын әңгімелері мен «Ақ параққа түскен ой» атты топтамасы берілген. Бұл бөлімде Мәриям Алғалиқызының өмірден түйген ойлары, шығармашылық ізденістері мен түрлі тақырыптарға қатысты жеке пайым-пікірлері қамтылады.

Кітаптың мазмұны арқылы автордың ақындық және сазгерлік қырлары қатар танылған.

Таныстырылым барысында кітаптың мазмұны мен жарық көру тарихы, автордың шығармашылық жолы туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар сазгердің әндері орындалып, шығармашылық туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, композиторлар мен өнер саласының мамандары, мәдениет пен өнерге қызығушылық танытқан көпшілік қауым қатысты.