Референдум-2026

Елордада «Қауіпсіз жол» шарасы жалғасып жатыр

Бүгін, 11:41
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада «Қауіпсіз жол» шарасы жалғасып жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында полиция заманауи техникалық құралдардың барлық мүмкіндіктерін пайдалануда.

«Жол қозғалысын бақылауға Жедел басқару орталығының камералары, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тану жүйелері, сондай-ақ дрондар тартылған. Оларды қолдану құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркеп, дер кезінде шара қабылдауға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Мәселен, ЖБО камералары Қабанбай батыр даңғылы бойымен жүріп келе жатқан Lixiang маркалы автокөліктің 59 жастағы жүргізушісінің қос тұтас жолақ таңбасын кесіп өтіп, қарсы қозғалыс жолағына шыққанын тіркеді. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Мұндай құқық бұзушылық үшін көлік құралын басқару құқығынан алты ай мерзімге айыру көзделген.

«Қауіпсіз жол» ЖПІШ аясында жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу, рөлде телефон пайдалану, техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалану, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін нөмірлермен көлік басқару, сондай-ақ азаматтарға такси қызметін көрсету мақсатында тиісінше емес түрде қызмет ұсыну фактілері де анықталуда.

Полиция барлық анықталған құқық бұзушылықтардың жолы кесіліп, заң бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Сондай-ақ жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырды.