Еліміздегі барлық мектептерде оқушылар бір мезгілде ұлттық ойындар ойнайды
20 наурызда еліміздің барлық мектептерінде Наурыз мейрамына орай «Ұлттық ойындар керуені» атты республикалық мектеп акциясы ұйымдастырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға 1-11 сынып оқушылары, педагогтер және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысады.
Акция ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттауға, оқушылардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында қазақ халқының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.
«Ұлттық ойындар керуені» еліміздің барлық өңірлерінде Астана уақытымен сағат 10:00-де басталады. Бұл бастама ұлттық дәстүр сабақтастығын дәріптеп, оқушыларды ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіруге мүмкіндік береді.
Акция аясында мектептерде ұлттық ойындарға арналған арнайы алаңдар ұйымдастырылып, іс-шаралар спорттық-ойын фестивалі форматында өтеді. Оқушылар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, ләңгі сияқты ұлттық ойындарға қатысып, жас ерекшеліктеріне бейімделген ойындар мен тақырыптық эстафеталарда бақ сынайды.
Көктем мерекесін атап өту шаралары 12-23 наурыз аралығында еліміздің барлық мектептерінде өтуде. Білім беру ұйымдарында тақырыптық челлендждер, экологиялық акциялар, ұлттық ойындар мен мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, елімізде оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады.