Елімізде жеті айда 4,5 мың есірткі құқық бұзушылығы тіркелді
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елімізде есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы жеті айында елімізде 4,5 мың есірткі құқық бұзушылығы тіркелді. Заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 17 синтетикалық есірткі өндіретін жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, оларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды. 9 ұйымдастырушы мен 41 қатысушы ұсталды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл барысында заңсыз айналымнан 865 келі есірткі заты тәркіленді. Бұл – миллиондаған доза есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмегенін білдіреді.
Жасөспірімдерді есірткі ортасына тарту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 55 кәмелетке толмаған ұсталды. Олардың 32-сі есірткі өткізумен байланысты әрекеттерге қатысы бар.
Есірткі қылмысының алдын алу бағытында профилактикалық жұмыс та күшейтілді. Уәкілетті органдар 2 миллионнан астам жас пен жасөспірімді қамтыған 14 мыңнан астам іс-шара өткізді.
Ақпараттық кеңістіктегі түсіндіру жұмыстары да жалғасуда. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы тақырыпта 24 мыңға жуық жарияланым жарық көрді. Сонымен қатар есірткі бизнесінің қаржылық негізін жоюға бағытталған шаралар қабылдануда. 258 млн теңге көлеміндегі қаражатқа қатысты 10 мың банк картасы мен шот бұғатталды. Бұдан бөлек, есірткі саудасының көлеңкелі қаржы схемаларына қатысы бар 215 мың шетелдік карта-шоттың транзакцияларына шектеу қойылды.
Интернет кеңістігінде де заңсыз есірткі айналымына қарсы жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде 8,5 мыңға жуық есірткі тарататын сайт бұғатталды.
«Мемлекеттің есірткіге қарсы саясаты қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығын қорғауға және есірткінің таралуына жол бермеуге бағытталған.
Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Астанада «Esirtkisiz Elorda – Дені сау ұрпақ» жобасы аясында және есірткіге қарсы құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар шеңберінде отбасылық және жастар командалары арасында зияткерлік Quiz ойыны өтті.