Елімізде спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жалақысы өседі

Елімізде спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жалақысы өседі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Елімізде спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға өседі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігінне сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Айта кетерлігі, Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесіне көшіруді көздейтін заң жобасын әзірледі.

Заң жобасы аясында жаттықтырушы-оқытушылардың еңбекақысын арттыруға қарастырылған.

«Атап айтқанда, жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы лауазымдық жалақының 30%-ы мөлшерінде өседі. Қосымша төлем біліктілік тестілеуінен өткен және даярлықтың ұлттық стандарттарына сәйкес оқу-жаттығу үдерісін жүргізетін жаттықтырушы-оқытушыларға беріледі», делінген хабарламада.

Қазіргі таңда елімізде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. 
2026-2028 жылдарға 74 млрд теңге жоспарланған. Оның 1,8 млрд теңгесі жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысына қосымша төлемдерге бағытталады. Қалған қаражат БЖСМ-дердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуына, фармакологиялық қамтамасыз етуге, спорттық киім-кешек пен жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

Жалпы еліміздегі 526 спорт мектебінде 398 342 спортшы шұғылданады. Оған балалар 5 жастан бастап қабылданады.