Елімізде әлеуметтік нысандардың 98%-ы жылыту маусымына дайын - Ерсайын Нағаспаев

Бүгін, 11:18
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде әлеуметтік нысандардың 98%-ы жылыту маусымына дайын - Ерсайын Нағаспаев
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр барлық өңірлерде нысандарды жылыту маусымына дайындау бойынша қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Білім беру саласындағы 10 913 нысанның 10 693-і, яғни 98%-ы дайындалды. Бұл ретте 8 өңірде 100% дайындыққа қол жеткізілді.

Денсаулық сақтау нысандары бойынша дайындық 98% құрайды. 5 394 нысанның 5 281-і дайындықты аяқтады. 6 өңірде 100% дайындық қамтамасыз етілді.

Тұрғын үйлер бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары 51 391 үйде аяқталды, бұл жоспардың 96%-ын құрайды.

Сондай-ақ, өңірлерде инженерлік инфрақұрылымды алдағы жылыту маусымына жоспарлы түрде дайындау жұмыстары жалғасуда.

Автономды қазандықтардың дайындығы 98%-ға жетті. Сонымен қатар сумен жабдықтау және су бұру желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Бүгінде сумен жабдықтау желілерінің жоспарланған 1 808 шақырымының 1 303 шақырымы жөнделді, бұл жоспарланған көлемнің 72%-ын құрайды. Жөндеу жұмыстары 6 өңірде толық аяқталды.

Су бұру желілері бойынша 225 шақырым жөндеу жұмыстары орындалды, бұл жоспарланған көлемнің 74%-ын құрайды. Жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік тарапынан автономды қазандықтардың дайындығына мониторинг жүргізілуде.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, бүгінде 14 618 автономды қазандық, яғни 98%-ы дайындалды. 6 өңірде 100% дайындыққа қол жеткізілді. Бұл ретте автономды қазандықтарға арналған отын қорларының дайындығы: көмір бойынша – 69%, мазут – 88%, дизель отыны – 93%.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов энергия жүйесінің сенімділігін арттыру жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды.