Comic Con Astana жаңа рекорд орнатып, 40 елден келген 76 мыңнан астам қонақты жинады
Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі Comic Con Astana 2026 елордада төрт күн бойы өтті. Биылғы фестивальге рекордты көрсеткішпен 80 мыңға жуық қонақ жиналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Биыл бесінші рет ұйымдастырылған фестиваль жоба тарихындағы ең ауқымды іс-шара болды. Елордадағы екі ірі алаң – Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында жүздеген іс-шара қатар өтті.
Фестивальге халықаралық қызығушылықтың жоғары болғаны байқалды. Оған әлемнің 40-тан астам елінен 12 мыңнан астам шетелдік қонақ қатысты. Олардың арасында Ресей, Қытай, АҚШ, Канада, Бразилия, Мексика, Индонезия, Италия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Кипр, Таиланд, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Армения, Молдова және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.

Фестиваль өз рекордтарын жаңартуды жалғастырды. Comic Con Astana-ның алғашқы күніне 16 мыңнан астам адам келді. Бұл жоба тарихындағы алғашқы күндегі ең жоғары көрсеткіш болды. Төрт күннің қорытындысы бойынша фестивальге 80 мыңға жуық адам қатысты.
Бағдарламадағы айтулы шаралардың бірі жүлде қоры 20 млн теңгені құраған халықаралық косплей байқауы болды. Байқаудың финалына 20-дан астам елден 64 қатысушы өтті. Жеңімпаздар 20 аталым бойынша анықталды. Халықаралық қазылар алқасының құрамына косплей индустриясының танымал өкілдері – Kamui Cosplay, Leon Chiro, Эмилия Grafomanka, Zakos Snowman, Таис Туканова, Sazura және Анна Bricks кірді.

Comic Con Astana 2026 фестивалінің хедлайнерлері ретінде алғаш рет әлемге танымал кино және сериал актерлерінен бірден төрт жұлдыз – Николай Костер-Вальдау, Пол Андерсон, Иньяки Годой және Таз Скайлар қатысты.
Актерлер жанкүйерлерімен Q&A форматындағы кездесулер өткізіп, автограф және фотосессияларға қатысты. Сондай-ақ олар Қазақстаннан алған әсерлерімен бөлісті.
«Кез келген ел туралы алғашқы әсерді оның адамдары қалыптастырады. Қазақстанда мені өте жылы қарсы алды. Мұндағы адамдар ашық әрі мейірімді екен. Маған Қазақстанның табиғаты бейнеленген суреттерді де көрсетті. Керемет жерлер екен. Енді осында міндетті түрде қайта келіп, сол жерлерді өз көзіммен көруім керек. Әсіресе Маңғыстауға барғым келеді», – деді Николай Костер-Вальдау.
Актер Қазақстанға келу эстафетасын «Мұз бен от жыры» романдар топтамасының авторы, жазушы әрі сценарист Джордж Р. Р. Мартинге беруге уәде етті.

Фестивальді британиялық актер Пол Андерсон да жоғары бағалады.
«Мен қандай болсам, сондаймын. Жасанды сөйлеуді немесе өзімді басқаша көрсетуді білмеймін, әсерім туралы әдетте шынайы айтамын. Сондықтан еш қоспасыз айта аламын: бұл – мен барған Comic Con фестивальдерінің ішіндегі ең үздігі», – деді актер.

Хедлайнерлерден бөлек, Comic Con Astana 2026 фестиваліне танымал блогерлер, суретшілер, косплейерлер мен контент жасаушылардан құралған ауқымды арнайы қонақтар құрамы қатысты.
Фестиваль қонақтарының қатарында Jay Kim, Кирилл Соеров, Даня Крастер (SuperCrastan), Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Егор Шкред, Паоло Панталена, Аня Хахадетка, Ten Yujin, Domer Grief, Nowkie және басқалар болды. Төрт күн бойы «Алау» мұз сарайында жұлдыздар аллеясы жұмыс істеп, жанкүйерлер фестиваль қонақтарымен кездесіп, автограф алып, естелікке суретке түсуге мүмкіндік алды.
Comic Con Astana фестивалінің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстанның креативті қауымдастығын қолдау және дамыту. Фестиваль жас суретшілерге, косплейерлерге, иллюстраторларға, авторларға, әзірлеушілерге және цифрлық контент жасаушыларға өз жобаларын қалың көпшілікке таныстырып, индустрия өкілдерімен танысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Comic Con Astana 2026 аясында музыкалық бағдарлама да ұйымдастырылды. Оның ішінде Оңтүстік Кореяның Kandis K-pop тобының өнер көрсетуі де бар.
Фестиваль продюсері Наталья Абрашкина Comic Con Astana алғаш ұйымдастырылған кезде елорда үшін көп жағынан эксперименттік жоба болғанын атап өтті.
«Осы жылдар ішінде Comic Con Astana қатысушылар мен қонақтар саны жағынан ғана өскен жоқ. Гик-мәдениетке деген көзқарастың өзі өзгерді. Бүгінде ол заманауи қалалық мәдениеттің бір бөлігіне айналып, жасы мен қызығушылығы әртүрлі адамдардың бір-бірін табуына мүмкіндік беретін орта қалыптастырды», – деді ол.