Референдум-2026

Бүгінгі жастар әскери қызметті тек міндет ретінде қабылдамайды - Айдархан Маханбет

Бүгін, 12:22
Думан Аманжол Думан Аманжол
Бүгінгі жастар әскери қызметті тек міндет ретінде қабылдамайды - Айдархан Маханбет
Фото: Ришат Иркабаев

Әскери-патриоттық тәрбие ең алдымен тәртіпке, жауапкершілікке және командалық жұмысқа үйретеді. Бұл туралы «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы Айдархан Маханбет айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Оның сөзінше, бала белгілі бір тапсырманы уақытында орындауды, өзіне ғана емес, жанындағы жолдасына да жауап беруді үйренеді. 

«Спорттық және әскери-қолданбалы жаттығулар арқылы жасөспірімнің төзімділігі мен өзіне деген сенімі қалыптасады. Ал түрлі жарыстар мен патриоттық іс-шаралар Отанға деген сүйіспеншілікті нақты іспен көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан «Жас сарбаз» – тек әскери дайындық емес, бұл тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін тәрбие мектебі», - деді ол.

Спикер сондай-ақ бүгінгі жастардың әскери қызметке деген көзқарасы әртүрлі екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары әскери салаға, әскери мамандықтарға және Отан қорғау тақырыбына қызығушылық танытатын жастардың саны аз емес. Бүгінгі жас әскери қызметті тек міндет ретінде емес, кәсіби даму, елге қызмет ету және өзін сынау мүмкіндігі ретінде де қабылдайды. Әсіресе әскери оқу орындары, заманауи технологиялар, робототехника, дрондар сияқты бағыттардың дамуы жастардың қызығушылығын арттырып отыр. Біздің міндетіміз – жастарға әскери қызмет туралы дұрыс әрі объективті ақпарат беру және әскери мамандықтың мүмкіндіктерін көрсету», - деді Айдархан Маханбет.