Бизнеске арналған жаңа онлайн сервис іске қосылды

Бүгін, 10:13
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бизнеске арналған жаңа онлайн сервис іске қосылды
Фото: Қаржы министрлігі

Қаржы министрлігі «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» порталында «Дара кәсіпкердің қызметін тоқтату» жаңа сервисін, сондай-ақ ЖШС жеңілдетілген тәртіппен тарату жөніндегі электронды қызметті іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап. 

Бұдан былай кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға бармай-ақ және түрлі ақпараттық жүйелерге ауыспай ЖК жауып, сол секілді ЖШС толығымен электронды форматта таратуға өтініш бере алады. Аталған функция бизнеске арналған «бір терезе» қағидатын дамытудағы кезекті қадамның бірі.

КБЖК – кәсіпкерлерге Қаржы министрлігінің негізгі цифрлы сервистеріне жол ашатын біртұтас мемлекеттік портал. Платформа арқылы пайдаланушылар хабарлама алып, салық қызметтерін қолданып, сондай-ақаналитикалық құралдармен жұмыс істеп, контрагенттерменөзара әрекеттесіп, ЖИ-көмекшісінің кеңесін ала алады.

Бұған дейін ЖК қызметін тоқтату немесе ЖШС тарату рәсімі тиісті органдарға тікелей жүгініп, құжаттар пакетін дайындауды талап ететін. Енді барлық процесс – өтініш беруден бастап нәтижеге дейін бірыңғай кабинетте онлайн режімде қолжетімді.

Айталық, дара кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ бірнеше қадам жасап, өтініш беру арқылы қызметтерін тоқтата алады. Ал ЖШС үшін кәсіпті тарату тетігі жеке кабинетте мәртебені қадағалау мүмкіндігімен жеңілдетілген тәртіпке сәйкес өтініш беру жолы қарастырылған.

Бұл сервистің іске қосылуы ЖК тоқтату мен ЖШС таратудың қолданыстағы тәртібін өзгертпейтінін айта кеткен орынды. Барлық рәсім бұрынғыдай еліміздің салық заңнамасымен реттеледі. Тың функция цифрлы өзара іс-қимыл арқылы процесті жайлы, қолжетімді және ашық етеді.

«Біз жеке кабинеттің мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырамыз. Осы арқылы бизнес көптеген мәселені қашықтан шешетін болады. Цифрлы сервис ЖК қызметін тоқтатудан бастап ЖШС таратуға дейінгі процесті тез, ыңғайлы және қажетсіз әкімшілік кедергілерсіз өтуге мүмкіндік береді», деді Әсет Нұрланұлы.

Тың тетіктің тиімділігі:

• ЖК қызметін тоқтату немесе ЖШС онлайн режімде таратуға өтініш беру;

• түрлі мемлекеттік органдар мен ақпараттық жүйелерге жүгінуден арылу;

• өтінішті рәсімдеудің қарапайым және түсінікті тәртібі;

• жеке кабинетте өз мәртебеңді бақылау мүмкіндігі;

• КБЖК бірыңғай аккаунты арқылы қызметтерді алу.

Қызметті қалай пайдалануға болады?

• ЭЦҚ және СМС-код көмегімен порталға кіру.

• Қажет болған жағдайда «Профиль» бөлімінде ЖК немесе заңды тұлғаның рөлін таңдау.

• Қызметті тоқтату немесе тарату туралы өтініш беру сервисіне өту.

• Қажетті мәліметтерді толтыру.

• Өтінішке электронды цифрлы қолтаңбамен қол қою.

• Жеке кабинетте өтініштің қаралуын қадағалау.

КБЖК тіркеліп, салық құралдары мен хабарламалардан бастап кәсіпкерлерге арналған жаңа цифрлы сервистерді бір жерден пайдаланыңыз.