Бес жылда құтқарушылар 240 мыңға жуық адамға көмектесті – Тоқаев

Бес жылда құтқарушылар 240 мыңға жуық адамға көмектесті – Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстанда кейінгі бес жылда құтқарушылар 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуда апаттардың алдын алуға, озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беру қажеттігін атап өтті.

– Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда құтқару қызметіне 3 мыңға жуық техника сатып алынған. Олардың қатарында жаңа ұшақтар, тікұшақтар мен түрлі мақсаттағы кемелер бар. Сондай-ақ 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынған.

Президент екі жыл бұрын құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Оның айтуынша, орталықтың жұмысы қауіп-қатерлерді тұрақты бақылауға, оларды алдын ала болжауға және төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беріп отыр.