Байқоңыр қаласында құны 161 млн теңгені құрайтын мүлік мемлекетке қайтарылды
Байқоңырда 2024-2025 жылдары мемлекеттік меншіктегі 9 нысан бірқатар міндетті талаптарды орындау шартымен сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда сенімгерлікпен басқарушылар өздеріне берілген міндеттемелерді орындамаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қызылорда облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, сенімгерлік басқарушылар нысандарда бір жыл ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, азаматтарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, белгіленген мерзімдерде есептер ұсынуға, сондай-ақ мүлікті нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндеттенген.
«Алайда баланс ұстаушы («Ғарыш-Инфрақұрылым» КММ) тарапынан бұзушылықтарды жою туралы бірнеше мәрте талаптар мен ескертулер берілгеніне қарамастан, сенімгерлік басқарушылар өздеріне алған міндеттемелерді орындамаған және шарт талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген. Аталған мән-жайлар мүлікті мемлекетке қайтаруға негіз болады», - делінген хабарламада.
Байқоңыр қаласы прокуратурасының ұсынуымен жалпы құны 161 млн теңгені құрайтын 5 нысан бойынша мүлікті кейіннен сатып алу құқығымен жасалған сенімгерлік басқару шарттары біржақты тәртіппен бұзылып, мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып, Байқоңыр қаласының прокуратурасының тұрақты бақылауында болады.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстанда 6,2 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылғаны туралы жаздық.