Әуе кемелеріне лазер бағыттағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады - Бас прокуратура
2025 жылғы 16 шілдеде Қылмыстық кодекске әуе кемесін басқаруға лазерлік құрылғыларды немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарын бағыттау арқылы кедергі келтіргені үшін жауаптылықты көздейтін өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Бас прокуратура мәліметінше, аталған бап қылмыстық теріс қылықтан бастап ауыр қылмысқа дейінгі жауаптылықты көздейді. Санкциялар ауыр зардаптар туындаған жағдайда айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаларды қамтиды.
Осыған орай Бас прокуратурада Көліктегі полиция департаменті, Ішкі істер министрлігінің Құқық бұзушылықтардың алдын алуды үйлестіру комитеті және Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті. Онда әуе кемелері қону және биіктікке көтерілу кезінде лазерлік құрылғылармен ұшқыштарды көз қарықтыру фактілерінің алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмыстың тиімділігі мәселелері қаралды. Әуе кемелеріне қатысты лазерлік құрылғыларды қолдану ұшу қауіпсіздігіне, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретіні, сондай-ақ азаматтық авиация үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екендігі атап өтілді.
Талқылау қорытындысы бойынша авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және жолаушылар мен әуе кемелері экипаждарының өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық, профилактикалық және құқық қорғау сипатындағы шаралар кешені әзірленді.
Кеңеске қатысушылар жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында әрбір осындай факт бойынша қылмыстық істер қозғалатыны, лазерлік сәулелену көздері болуы ықтимал аумақтарда патрульдеу ұйымдастырылатыны, сондай-ақ кінәлі адамдарды уақтылы анықтап, ұстау қамтамасыз етілетіні жөнінде уағдаласты. Ұшқыштар мен әуе компаниялары әуе кемелері экипаждарына әсер ету фактілерінің барлығы туралы құқық қорғау органдарын хабардар етуге бағдарланды.
«Осы әрекет үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын ескертеміз. Бұл жасқа толмаған кәмелетке толмағандар құқыққа қарсы әрекеттер жасаған жағдайда, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың мінез-құлқын бақылау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін», деп ескертті Бас прокуратура.
Еске салсақ, елордада «INVEST CARAVAN» жобасы аясында инвесторлардың өзекті мәселелері қаралды.