Референдум-2026

Атырауда Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды

Бүгін, 15:24
Думан Аманжол Думан Аманжол
Атырауда Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысының Құрманғазы ауданында табиғаттың ерекше көркі – лотос гүлінің гүлдеу кезеңіне арналған Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Атырау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Екі күнге жоспарланған фестивальге аудан тұрғындарымен қатар, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар мен шетелдік туристер қатысуда. Фестиваль алаңына алғашқы сағаттардың өзінде 2 мыңға жуық адам жиналды.

«Мерекелік шара аясында қонақтарға мәдени-көпшілік бағдарламалар, ұлттық спорт жарыстары, қолөнер жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар, балаларға арналған ойын-сауықтар мен концерттік бағдарлама ұсынылады. Фестивальдің арнайы қонағы ретінде танымал қазақстандық әнші Қуандық Рахым өнер көрсететін болады», - делінген хабарламада.

Фестивальдің басты ерекшелігі – қонақтардың Қиғаш өзені бойымен қайықпен серуендеп, табиғи жағдайда гүлдеген әсем лотос алқабын тамашалау мүмкіндігі.

Lotus Fest – 2026 Атырау облысының туристік әлеуетін танытып, Құрманғазы ауданының бірегей табиғи мұрасын насихаттауға және экотуризмді дамытуға бағытталған.

Еске салсақ, Атырауда «Lotus Fest-2026» аясында бұқаралық марафон өтті.