Астанада алдағы қысқы маусымға арнайы техникалар мен коммуналдық қызметтерді дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Негізінен қарды уақтылы тазалауға, жолдарды, тротуарлар мен аула аумақтарын күтіп ұстауға, сондай-ақ қыс мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорданың барлық ауданында арнайы техникалардың техникалық жағдайы, жабдықтардың жарамдылығы және көктайғаққа қарсы материалдардың дайындығы тексеріліп жатыр. Мердігер ұйымдардың қысқы маусымға әзірлігіне және техникалардың жұмысқа уақтылы шығуына ерекше көңіл бөлінуде.
«Есіл» ауданында алдағы қысқы маусымға 400-ден астам арнайы техника дайындалды. Олардың қатарында автогрейдерлер, фронталды және қармауыш тиегіштер, құм шашатын машиналар, щеткалы жабдықтары бар МТЗ тракторлары, шағын тиегіштер, роторлы қар тазалағыштар мен самосвалдар бар. Көшелерді тазалауға 500-ден астам жол жұмысшысын тарту жоспарланып отыр. Қар қалың жауған кезде жұмылдырылатын техника саны 700-ге, ал жол жұмысшыларының саны 1000 адамға дейін ұлғайтылуы мүмкін.
«Сарыарқа» ауданында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 609 техника мен 820 жол жұмысшысы қарастырылған.
«Байқоңыр» ауданында қысқы маусымда 340 арнайы техника мен 450 жол жұмысшысын жұмылдыру жоспарланған. Санитарлық тазалық жұмыстары жалпы ұзындығы 311 шақырым болатын 222 көшені қамтиды.
«Нұра» ауданында күн сайын шамамен 300 техника мен 320-дан астам жол жұмысшысын жұмылдыру көзделіп отыр. Аудандағы техникалардың 90 пайыздан астамы 2024-2025 жылдары пайдалануға берілген машиналар.
«Алматы» ауданында көше-жол желісі мен қоғамдық аумақтарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 21 мердігер ұйым тартылған. Ауа райына байланысты 450-ден астам арнайы техниканы жұмылдыру жоспарланып отыр. Күндізгі уақытта тазалық жұмыстарына шамамен 400 техника мен 900-ге жуық жол жұмысшысы шығады. Жолдар мен тротуарларды өңдеу үшін көктайғаққа қарсы 5 мың тоннаға жуық материал дайындалған.
«Сарайшық» ауданында санитарлық тазалық жұмыстарын 17 мердігер ұйым атқарады. Олар көшелерді, тұрғын үй орамдарының ішкі аумақтарын, саябақтар мен гүлзарларды тазалауға жауапты. Жұмыстар жалпы ұзындығы 285 шақырым болатын 171 көшені қамтиды.
Санитарлық тазалық жүргізілетін аумақтың жалпы ауданы 12,7 миллион шаршы метрден асады. Қыс мезгілінде мұнда 300 арнайы техника мен 500 жол жұмысшысын жұмылдыру жоспарланған.
«Елорданың барлық ауданында қысқы маусымға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Коммуналдық қызметтердің басты міндеті – арнайы техникалардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, қарды уақтылы тазалау және қыс мезгілінде қала тұрғындарының көшелерде қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасау», - делінген әкімдік хабарламасында.