Астанада жол апатын жасап, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Астанада жол апатын жасап, қашып кеткен жүргізуші ұсталды
видеодан скриншот/instagram.com/police__astana

Астанада жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, ер адам бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылған. Алайда белгіленген тыйымды сақтамай, қайтадан көлік жүргізген.

«Ол Мәңгілік Ел көшесімен Chery автокөлігін басқарып келе жатып, BYD көлігімен жол-көлік оқиғасына түскен. Алайда жүргізуші оқиға орнында қалмай, оқиға орнынан кетіп қалған», - делінген хабарламада.

Құқық бұзушыны полиция қызметкерлері анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сот шешімімен жүргізуші 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жолдағы қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырды. Сондай-ақ заңда белгіленген шектеулерді елемеу әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Еске салсақ, жалған ақпарат таратқан қызылордалық бойжеткен қамауға алынды.