Астанада референдумға қатысу қарқыны жоғары
Жалпыұлттық референдум қарсаңында «Алматы» ауданындағы №39 сайлау учаскесінде дауыс беру қарқынды жалғасып жатыр. Таңертеңнен бастап азаматтар белсенділік танытып, өз таңдауын жасауға келуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да маңызды саяси кезеңде ел тағдырына бейжай қарамай, сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Учаскеге келушілердің айтуынша, әрбір азаматтың қатысуы мемлекеттегі өзгерістерге оң ықпал етіп, елдің болашағына жауапкершілікпен қарауды көрсетеді.
«Бүгін еліміздің әрбір түкпірінде азаматтар өз таңдауын жасап, маңызды қадамға атсалысып жатыр. Әрбір дауыс елдің дамуына нақты үлес қосады деп сенемін. Сондықтан әркім жауапкершілікпен таңдау жасап, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосуы керек», - деді «Алматы» ауданының тұрғыны Нұрлан Зерденұлы.
Айта кетейік, белсенділік жоғары болған сайын, елдің азаматтары өз болашағына деген жауапкершілік танытатыны сөзсіз.