Астанада полиция жыл басынан бері омниканалды жүйе арқылы 30 мыңнан астам өтініш қабылдады
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтардың өтініштерін қабылдаудың омниканалды жүйесін енгізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бүгінде бұл бастама халықпен тиімді өзара іс-қимылдың сәтті үлгісіне айналды.
Аталмыш жүйе арқылы жыс басынан бері 30 мыңнан астам өтініш қабылданды. Оның ішінде 312-ден аса бейнеқоңырау, 30330-ға жуық SMS хабарлама тіркелген.
«Бұл жүйе арқылы келіп түскен өтініштердің бірі жол қозғалысы ережелерінің бұзылу фактісі бойынша болды. Қала тұрғыны омниканалды байланыс арқылы хабарласып, «Hyundai» маркалы автокөліктің рұқсат етілмеген жерде қойылғаны туралы мәлімдеді. Ақпарат жедел түрде тексеріліп, полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған 45 жастағы жүргізушіні анықтап, оған ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды», - делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, Омниканалды жүйе – бұл халықпен жедел әрі тиімді байланыс орнатудың заманауи тәсілі.
«Астана қаласы Полиция департаменті бұл бастаманы одан әрі дамытып, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді жалғастыра бермек», - деп хабарлады Астана қаласы ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, омниканалды қабылдау жүйесі – азаматтардың полиция органдарына чат-бот, Egov порталы, Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы, Telegram сияқты әлеуметтік желілер және басқа да онлайн платформалар арқылы өтініш жолдауына мүмкіндік береді. Бұл тәсіл полиция мен тұрғындар арасындағы өзара байланысты күшейтіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.