Астанада «Ән аға – жан аға» концерттік жобасы ұйымдастырылады
Астана қаласында қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән аға – жан аға» атты концерттік жобасы өтеді. Осыған орай, Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өтіп, ұйымдастырушылар жоба туралы кеңінен ақпарат берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шара 25 маусым күні Астана қаласындағы Филармония концерт залында Ш. Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының ұйымдастыруымен көпшілік назарына ұсынылады.
63 жылдық тарихы бар Ш. Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы бүгінде ұлттық мәдениетті дамытуға зор үлес қосып келе жатқан іргелі өнер ұжымдарының бірі саналады.
Филармонияда 247 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 171-і шығармашылық құрам өкілдері. Мекеме құрамында 10 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың қатарында «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі, Камералық оркестр, «Фараб» би театры, «Ғасыр» би ансамблі және басқа да өнер ұжымдары бар.
«Ән аға – жан аға» жобасының басты мақсаты – қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу және композитордың әндерін жаңа көркемдік форматта ұсыну.
Сонымен қатар жоба аясында сирек орындалатын әндерді қайта жаңғырту, композитордың өмір жолын таныстыру және жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру көзделген.
Жоба аясында көрермендерге ұлы сазгердің әндері жанды сүйемелдеуде және жанды дауыста орындалады. Концерт барысында композитордың бұрын жарияланбаған мұрағаттан табылған өмірдерегі мен шығармашылығы көрсетіледі, әндерінің шығу тарихы баяндалады. Сонымен қатар көрермендер Шәмші Қалдаяқовтың туған өлкесінен әкелінген ұлттық тағамнан дәм тататын болады», - деді Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары Қуатбек Тортаев.
Оның мәліметінше, музыкалық кеш 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Концертке «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Фараб», «Ғасыр» би ұжымдары мен филармония әншілері қатысады. Сондай-ақ, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева мен Хадиша Сейітова, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары «Сарын» тобы және Данияр Барыс өнер көрсетеді.
Айта кетейік, «Ән аға – жан аға» концерттік жобасы бұған дейін Шымкент, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Тараз қалаларында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Енді тағылымды жоба елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылмақ.
Ұйымдастырушылар елорда тұрғындары мен қала қонақтарын ұлттық өнер мен руханиятты дәріптейтін ерекше мәдени кешті тамашалауға шақырады.