Астана прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады
Астана қаласының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бағыт прокуратура қызметінің басым міндеттерінің бірі саналады.
Кәсіпкерлер күн сайын мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, түрлі қызметтерге ақы төлейді және әкімшілік рәсімдерден өтеді. Сондықтан қабылданатын барлық шешімдердің заң мен тәртіп қағидаттарына сай болуы, сондай-ақ бизнеске негізсіз қаржылық жүктеме түсірмеуі аса маңызды.
Осыған байланысты қала прокуратурасы мемлекеттік сатып алу және тарифтерді реттеу салаларында заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің құқықтарына әсер еткен бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу порталында жылдық тарифтің қолданылу мерзімі дұрыс есептелмеген. Салдарынан кәсіпкерлер ақылы тарифтің бір бөлігін іс жүзінде пайдалана алмай, қосымша шығынға ұшыраған.
Прокуратураның қабылдаған шараларының нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар жойылып, тарифті есептеу тәртібі қайта қаралды. Осылайша кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді.
Прокуратура алдағы уақытта да бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастырып, барлық шешімдердің заң талаптарына толық сәйкес қабылдануын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізетінін мәлімдеді.