Астана күніне орай БАҚ өкілдері арасында байқау жарияланды
«Астана Тазалық» компаниясы БАҚ өкілдері мен блогерлер арасында байқау жариялайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Жүлде қоры 4 млн теңге «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және Астана күні аясында өткізіледі.
Байқаудың негізгі мақсаты – елордадағы тазалық пен тәртіпті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық қызметкерлердің еңбегін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, жұмысшы мамандығының маңыздылығы мен беделін арттыру, Астана қаласының, оның шет аймақтары мен қала маңындағы елді мекендердің санитарлық жағдайын қамтамасыз ету тақырыбын жан-жақты ашу көзделеді.
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі: «Үздік телевизиялық материал»; «Баспа басылымындағы үздік мақала»; «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым»; «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым».
Байқауға 1 мамыр мен 30 маусым аралығында жарияланған жұмыстар қабылданады. Ұсынылатын жұмыс санына шектеу қойылмайды.
Байқауға қатысу үшін материалдар электронды поштаға жіберу қажет: astana_tazalyk@mail.ru. Байланыс нөмірі: +7 700 259 2188.
Байқау қорытындысы 2026 жылғы 2-3 шілде күндері жарияланады.