Әскери қызметшілердің өтінішін қабылдайтын цифрлық жүйе іске қосылды
«Цифрлық профилактика» ведомствоаралық бағдарламасы аясында Қорғаныс министрлігі Бас әскери прокуратураның үйлестіруімен әскери қызметшілерге арналған өтініштерді қабылдаудың цифрлық жүйесін енгізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа сервис келесі мақсаттарға бағытталған: әскери қызметшілердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыру; құқық бұзушылықтардың алдын алу; әскери ұжымдарда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту.
Не туралы хабарлауға болады?
Цифрлық жүйенің көмегімен әскери қызметшілер келесі жайттар туралы жедел түрде хабарлай алады: Күш қолдану (ұрып-соғу); Заңсыз ақша жинау; Психологиялық қысым көрсету; Өзге де құқыққа қайшы әрекеттер.
Келіп түскен өтініштерге байланыстыс уақтылы әрекет ету мақсатында ҚР Қарулы күштері Әскери полициясы бас басқармасында бірыңғай «Жедел желі» Call-орталығы жұмыс істейді. Онда әрбір келіп түскен хабарлама белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті шаралар қабылданады.
«Профилактиканың цифрлық құралдарын енгізу әскери тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери қызметті қауіпсіз өткеруге жағдай жасайды», — деді ҚР ҚК Әскери полициясы бас басқармасының профилактика басқармасының бастығы подполковник Әділхан Қалиев.
Сондай-ақ ол әскери қызметшілер заң бұзушылық фактілеріне бейжай қарамауы және құқыққа қайшы әрекеттер туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлауы тиіс екенін атап өтті. Өтініштерге жедел әрекет ету құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың бастапқы кезеңде жолын кесуге және әскери ұжымдарда заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Өтініштер: +7 700 081 11 19 нөмір бойынша қабылданады.
Еске салсақ, Қарулы күштерде цифрлық трансформация сыныбы ашылды.