Ақтөбеде сотталған адамға донердің ішіне жасырып ұялы телефон жеткізбек болған
Ақтөбе облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне тыйым салынған заттарды кіргізудің екі әрекетінің жолы кесілді. Оқиға №8 мекемеде «Тосқауыл» режимдік-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2026 жылғы 10 тамызда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мекеменің режим және жедел бөлім қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру шараларын жүргізген.
Тексеру барысында сағат 15:50 шамасында мекеме қызметкерлері «Строй-Проф» ЖШС жүргізушісі, С.Т. азаматының шалбарының қалтасынан 20 000 теңге көлеміндегі ақша қаражатын анықтап, тәркіледі. Оның ішінде номиналы 10 000 теңгелік екі банкнот болған.
Кейін, сағат 16:30 шамасында А.С. жеткізген сәлемдемені тексеру кезінде азық-түлік өнімдерінің арасында болған донердің ішінен сотталған адамға беруге арналған ұялы телефон анықталып, тәркіленді.
«Аталған факті бойынша А.С. азаматына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды», - делінген хабарламада.
Мекеме басшылығы азаматтарды ҚАЖ мекемелеріне бару кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ, сотталған адамдарға тыйым салынған заттарды беруге жасалған әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.