Ақтөбеде 40 адамға жалған медициналық анықтама жасаған медбике ұсталды

Бүгін, 15:51
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбеде 40 адамға жалған медициналық анықтама жасаған медбике ұсталды
Фото: Ақтөбе облысы полиция департаментінен

Ақтөбеде 40 адамға жалған медициналық анықтама рәсімдеген медбике ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ақтөбе облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында жалған медициналық анықтаманы беру кезінде қаланың клиникаларының бірінің ғимаратында медбикені ұстады.

Жедел ақпаратқа сәйкес, күдікті пайда табу мақсатында өзінің танысымен алдын ала сөз байласып, жалған медициналық құжаттарды (№075, №086 нысандағы анықтамалар және санитарлық кітапшалар) дайындау және сату бойынша заңсыз схема ұйымдастырған.

Анықталғандай, аталған тұлғалар клиенттерді міндетті зертханалық тексерулерден және бейінді мамандардың медициналық тексерулерінен нақты өткізбей-ақ жалған медициналық анықтамалар рәсімдеп отырған. Мұндай құжаттарды заңсыз рәсімдегені үшін олар жүйелі түрде 5 000-нан 10 000 теңгеге дейін ақшалай сыйақы алып келген.

Қазіргі уақытта осындай анықтамаларды сатып алған 40 азамат анықталды.

Жұмыс кабинетінде жүргізілген тінту барысында «Дерматолог», «Лаборатория», «Жарамады/Годен», «Реакция микропреципитации экспресс әдісімен» және «Анықтамалар үшін» деген жазулары бар жалған мөрлер табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін 42 тіс емханасы арқылы 200 млрд теңге зейнетақы жинақтары заңсыз шығарылғаны туралы жаздық.