Референдум-2026

Ақмола прокуратурасы 5,8 млрд теңгелік жоба инвесторын заңсыз тексеруден қорғады

31 шілде, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақмола прокуратурасы 5,8 млрд теңгелік жоба инвесторын заңсыз тексеруден қорғады
фото: Оңалхан Өнерхан

Зеренді ауданының прокуратурасы Алексеев каолин кен орны базасында тау-кен байыту комбинатын салу жобасын жүзеге асырып жатқан «Qazaq Kaolin» ЖШС инвесторының құқығын қорғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Инвестициялық жобаның жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Жоба жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

Жүргізілген талдау барысында уәкілетті мемлекеттік органның инвесторға қатысты көші-қон заңнамасының сақталуы мәселесі бойынша прокуратураның міндетті келісімін алмай және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркемей тексеру жүргізгені анықталды.

«Прокурорлық сүзгі» тетігіне сәйкес инвесторларға қатысты тексерулер тағайындау, әкімшілік іс жүргізуді қозғау, рұқсат беру-шектеу шараларын қолдану және сотқа талап қою туралы мемлекеттік органдардың барлық шешімдері прокуратура органдарымен міндетті түрде келісілуге тиіс.

«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша аталған тексеру заңсыз деп танылып, үш әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды», - делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту мәселесі қаралып жатыр. 

Прокуратура органдары инвесторлардың құқықтарын қорғау, бизнес қызметіне заңсыз әкімшілік араласудың алдын алу және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастыруда.

Әкімшілік кедергілерге тап болған немесе құқығы бұзылған инвесторлар 8 (705) 129-11-40 нөміріне және 115 Call-орталығы арқылы прокуратура органдарына хабарласа алады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда инвесторлардың мүддесі қорғалып, 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға жол ашылғаны туралы жаздық.