Ақмола облысында 30 млн теңгенің синтетикалық есірткісі тәркіленді
Ақмола облысында полиция қызметкерлері ірі есірткі сатушының қызметін тоқтатып, заңсыз айналымнан синтетикалық есірткілер партиясын тәркіледі. Есірткінің құны қара нарықта шамамен 30 млн теңге, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тексеру барысында Ақмола облысының 47 жастағы тұрғыны тыйым салынған заттарды сақтап, оларды буып-түюмен айналысқаны анықталды. Автокөлікті тінту кезінде психотроптық заты бар екі полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар тергеу іс-қимылдары барысында күдікті Көкшетауға синтетикалық есірткінің ірі партиясын жеткізгені анықталды, оны шағын дозаларға бөліп, одан әрі тарату үшін жеткізуші-курьерлерге беруді жоспарлаған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды, күдіктінің сыбайластары анықталып жатыр.
Еске сала кетсек, Талдықорғанда синтетика есірткі таратумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды.