Алматы облысында полиция автоматтандырылған есірткі зертханасын жойды
«Қарасора – 2026» операциясы аясында ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері Алматы облысының полиция департаментімен бірлесіп, есірткіні заңсыз өндірудің толық циклін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, , деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық топ есірткіні өсімдігін жасырын өсіруден бастап дайын өнімді VIP клиенттерге өткізуге дейінгі барлық кезеңді жүзеге асырған.
«Жойылған фитозертхана автоматтандырылған желдету жүйесімен, температураны, жарықтандыруды және суаруды бақылайтын сенсорлармен жабдықталған. Онда жыл бойы құрамында есірткісі бар өсімдіктің жоғары концентрациялы сұрыптары өсірілген», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Жасырын жеке кіреберісі бар жертөлені тінту барысында 29 түп қарасора, 27 келі дайын өнім, өсіруге арналған заманауи жабдық, электронды ақпарат жеткізгіш, байланыс құралы, 3 млн теңге, сондай-ақ тіркелмеген қару тәркіленді.
«Фитозертхананы ұйымдастырушы 40 жастағы ер адам ұзақ уақыт бойы каннабис тобына жататын есірткіні өсіру технологиясын жан-жақты зерттеп, жер телімінде ауданы 100 шаршы метрден асатын жеке ғимаратта жасырын өндірісті кеңейтуді жоспарлаған. Осы мақсатта ол алыс шет мемлекеттерге арнайы барып, сала мамандарынан кеңес алған, каннабистің элиталық сұрпын өсіруге арналған арнайы жабдықтарға тапсырыс берген, заманауи технологияны енгізіп, құрамында жоғары концентрациялы есірткісі бар каннабиноидты экстрактілерге, яғни гашиш майына қайта өңдеу тәсілін жетілдірген», деді Бақытжан Әмірханов.
Оның сыбайласы бұрын аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 45 жастағы ер адам ұсталды. Оның гаражынан 4 кг гашиш, сондай-ақ бөлшектеп буып-түйілген есірткі өнімдері, zip-пакеттер және есірткі тұтынуға арналған құралдар тәркіленді. Қазір басқа да сыбайластары, жабдықтар мен тұқымды жеткізу арналары, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттерді анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.
Іс бойынша ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық жолмен сатып алынған жылжымайтын мүлікке, қымбат көліктерге тыйым салынды.