Алматы метросында студенттен Калашников автоматының үш оғы табылды
Алматы метросында кәмелетке толмаған жолаушыдан жауынгерлік оқ-дәрі болуы мүмкін үш оқ тәркіленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға «Райымбек батыр» метро станциясында болған. Метрополитендегі полиция басқармасының қызметкерлері тексеру барысында қала колледждерінің бірінде білім алатын студентті тоқтатқан.
Жеке тінту кезінде оның жанынан Калашников автоматына арналған болуы мүмкін үш оқ табылған.
Оқиға орнына Жетісу аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы келіп, табылған оқ-дәрілерді тәркілеп, сараптамаға жіберді.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тәртіп сақшылары оқ-дәрілердің шығу тегін және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», делінеді хабарламада.
Полиция азаматтарға қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау заң алдында қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.