21 млрд теңгелік жобалар жалғасады: Атырауда инвесторлардың құқықтары қорғалды
Атырау облысы Махамбет ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, өңір үшін маңызды жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асырып жатқан 3 инвестор мен 99 кәсіпкердің құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Атырау облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Соның бір мысалы ретінде тауарлық балық өнімдерін өндіру жобасын жүзеге асырып жатырған «А-Дана» шаруа қожалығына көрсетілген қолдауды атауға болады. Тексеру барысында уәкілетті органның заңда көзделгендей прокурордың келісімінсіз инвесторға 281 млн теңге көлемінде талап-арыз бергені анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін заң бұзушылықтар жойылды. Сонымен қатар инвестордың кепілге қойылған мүліктері босатылып, бұл кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуіне және жобаны әрі қарай іске асыруына мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, «Atyrau-Chicken» ЖШС-не құс фабрикасын салу үшін қажетті санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қорытындыларды алуға жәрдем көрсетілді. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 5 мың тоннаға дейін құс етін өндіріп, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қоспақ.
Бұдан бөлек, тағы бір инвесторға құны 3,5 млрд теңгені құрайтын жылыжай кешенін газ құбырына қосуға қажетті рұқсат құжаттардың рәсімделуіне көмек көрсетілді.
Қабылданған прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде жүзге жуық кәсіпкер үшін электр энергиясының тарифтері төмендетіліп, сумен жабдықтау шарттарының талаптары сәйкестендіріліп және мемлекеттік сатып алу бойынша берешектердің төленуі қамтамасыз етілді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлерді қолдау және әкімшілік кедергілерді жою бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Атырау облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін келесі телефон нөмірлері бойынша хабарласуға шақырады: 8 (701) 066-77-22, 8 (778) 555-77-24 немесе 115 Call-орталығына.