Жастар ресурстық орталығы: Астанада волонтерлікпен айналысатындардың қатары артып келеді
Жас буынды қолдау, жастар саясатын жүргізу – мемлекет саясатының бір тармағы. Жастар – мемлекеттік құрылымдағы ең үлкен әлеуметтік топ. Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытында ауқымды шараларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тың серпін беретін міндеттер
Жас буын қай кезде де болашаққа сеніммен қарауы керек, ол үшін елімізде жастарға барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жастар саясатын қолдаудың маңызды механизміне айналды, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көретіндер саны да артты. Қазір жастардың даму индексі, NEET санатындағы жастар, жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары секілді ұғымдар ресми түрде қолданылып жүр. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған реформалардың бір көрінісі.
«Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы еріктілер қозғалысын және аула клубтарын дамыту, бастамаларды қолдау, мониторинг, ақпараттық-әдістемелік, құқықтық көмек көрсетумен қатар NEET санатындағы жастармен жұмыс істейтін мекеме.
«Астана жастары» ЖРО құрылған сәттен бастап жұмыстың негізгі бағыттарының бірі ретінде волонтерлік қызметті дамыту және жастар арасында әлеуметтік белсенділік мәдениетін қалыптастыруды бастады. Бес жылдан бері қалалық еріктілер штабы жұмыс істейді. Волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, дербес қозғалыстар санын ұлғайтуды көздейді.
Қалалық штаб тұрақты негізде 30 еріктілер ұйымымен, 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен, сондай-ақ қаланың кәсіпорындары мен меценаттарымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Штаб құрамында 6000-нан астам белсенді ерікті бар, олардың қатысуымен әртүрлі ауқымдағы 4600-ден астам іс-шаралар өткізілді. Еріктілер республикалық және халықаралық іс-шараларға аудармашы, ұйымдастырушы, үйлестіруші және тимлидер ретінде белсенді қатысады. Олар жыл сайын дзюдодан Азия чемпионаты, ЭКСПО-2017, Азиада, ЕҚЫҰ және ШЫҰ саммиттері, Рим папасының сапары, Eurasian Book Fair көрмесі, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары және тағы басқа 200-ден астам ірі іс-шараларға қатысты.
«Еріктілер біздің еліміз үшін қиын сәттерде де баға жетпес көмек көрсетеді. Олар Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинауға және жөнелтуге бастамашы болды. Астанада COVID-19 пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде еріктілер қала халқының әлеуметтік осал топтарына азық-түлік себеттері түрінде көмек көрсетті, медициналық маскалар, антисептиктер, ауыр сырқаттары бар мыңнан астам пациентке барды, оларға дәрілік препараттар таратылды, қаланың 7 бекетінде жұмыс істеуге көмек ұйымдастырылды және тағы басқа көптеген істердің басы қасында болды. Волонтерлер Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға белсенді қатысты. 29 наурыз бен 9 мамыр аралығында Астанада гуманитарлық көмек жинайтын 9 пункт жұмыс істеді, олардың жұмысына 30 волонтерлік ұйым және 500-ден астам волонтер қатысты. Жиналған көмектің жалпы көлемі 1160,5 тоннаны құрады. Бір қуантатыны, қыз-жігіттердің бұған қызығушылығы зор. Келіп, көруге ынта-ықылас танытушылардың қарасы қалың», - деді «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы өкілдері.
Жастар жұмыспен қамтылады
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығында NEET санатындағы жастармен жұмыс бойынша арнайы бөлімдер құрылды. Сонымен қатар жыл сайын гранттық қаржыландыру шеңберінде жұмыспен қамту және әлеуметтендіру, кәсіптік бағдар беру жұмысы, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы ақпараттандыру бойынша жобалар іске асырылады. 3 жыл ішінде ЖРО 70 000-ға жуық жасты қамтитын 20-ға жуық бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жастарға жұмыс іздеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 450-ге жуық меморандумға қол қойылды, NEET жастарының санын азайту бойынша жол картасы әзірленді. Сондай-ақ, кірістерді арттыруға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған JOLTAP жобасы іске қосылды. Жоба аясында 5 модульдік «Баршаға мүмкіндік» пункті және 3 мобильді пункт ашылды. Онда елорда тұрғындары мен барлық тілек білдірушілер мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тегін кеңес ала алады, жұмысшы мамандықтары бойынша оқудан өтіп, жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, жұмыссыздар санын азайту мақсатында Freelance Mumkindik жобасы аясында 7 цифрлық мамандық (SMM, таргетолог, мобилограф, маркетплейс, бейнемонтаж, графикалық дизайнер, веб-дизайн, сайтты құру және әзірлеу) және 8 жұмысшы мамандық бойынша (тігінші, бариста, сатушы-кассир) білім алса, дизайнер-конструктор, дәнекерлеуші, бухгалтерлік есеп негіздері, аяқ киімді жөндеу және корпустық жиһаз жасау мамандықтары тегін негізде оқытылады.
Жас буын спортпен шынығады
Маргиналды жастарды әлеуметтендіру мақсатында Astana Жас Жігер жобасы шеңберінде жыл сайын атақты спортшылардың қатысуымен спорттық іс-шаралар өткізіледі, атап айтқанда: волейбол, үстел теннисі және футболдан базарлар мен құрылыс нысандары, шеберханалар, жеткізу, қызмет көрсету саласындағы, оның ішінде NEET санатындағы жастар өкілдері арасында турнирлер, бұдан басқа, түзеу колонияларында мерзімін өтеп жатқан жастар арасында армрестлинг, арқан тарту және салмақ көтеру бойынша жарыстар. Сондай-ақ, «Үздік» жобасы аясында еріктілер NEET санатындағы жастарды шоғырландыру және олармен әрі қарай жұмыс істеу мақсатында қаланың 22 базары мен сауда орталықтарын аралап, 20 мың дана ақпараттық буклеттер таратты.
Жастар ортасында нашақорлықтың алдын алу іс-шаралары – орталықтың қызмет бағыттарының бірі. Таза Қазақстан республикалық экологиялық акциясы аясында адамдар көп жиналатын орындарда Астана қаласындағы тағы басқа да құзыретті органдармен бірлесе отырып, ҮЕҰ мен блогерлерді тарта отырып, ойын-сауық орындарындағы есірткі жарнамасын өшіру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша 30-дан астам акция өткізді. Ай сайын елорданың барлық 5 ауданы бойынша ESIRTKISIZ ELORDA жобасы шеңберінде үйлердің профилактикалық штабының, ОСИ және ПИК өкілдерін, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға қызмет көрсету және күтім көрсету саласының қызметкерлерін тарта отырып, үйлерде және басқа да нысандарда есірткі жарнамасын өшіру бойынша рейдтер жүргізді.
Сондай-ақ, 199 респондент арасында «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында есірткінің салдарына қатысты сауалнама жүргізілді. Ол «Астана-есірткісіз қала!» деген атпен Дүниежүзілік нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай өткізілді.
Бүгінгі таңда «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының жетекшілігімен қала аумағында 14 аула клубы жұмыс істейді. Қаланың жас тұрғындарына арналған бұл клубтар көпфункционалды мәдени-спорттық орталықтар бала тәрбиесінде маңызды роль атқарады. Мұнда 7-35 жас аралығындағы балалар мен жастарды қосқанда 3500-ге жуық жас тәрбиеленеді. Жаттықтырушы-оқытушылар құрамының жалпы саны 187 адамды құрайды. Үйірмелер мен секциялар – 124, оның ішінде спорт секциялары – 68, ал шығармашылық бағыттағы үйірмелер – 56. Сонымен қатар, аула клубтарының тәрбиеленушілері 550-ден астам іс-шараларға белсенді қатысып, қалалық, республикалық, сондай-ақ халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді. Сондай-ақ жастарға арналған «Замандас» коворкингі ашылды. Оған қараша айына дейін жалпы саны 4 клубта 3200 бала, жасөспірімдер мен жастар келген.
Клубқа келушілер негізінен көпбалалы және толық емес отбасылардан, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайдағы отбасылардан шыққан балалар мен жасөспірімдер. Балаларды қазақ және ағылшын тілдері, домбыра, гитара, вокал, арт-терапия, каратэ, сөйлеуді дамыту, шахмат, қолөнер және халықтық-қолданбалы шығармашылық, хореография, жас техник, тоғызқұмалақ, робототехника, хоккей, футбол, таэквондо, актерлік шеберлік сабақтары өтеді.
«Замандас» аула клубтарының ерекшелігі – «Бақытты отбасы» клубы аясында балаларды ғана тәрбиелеп қоймайды, олардың ата-аналарына да психологиялық қызмет көрсетіледі.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы дарынды жастарды қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Оған елорданың мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері белсене қатысып жүр. Бұл іс-шаралар әлеуметтік, шығармашылық, спорттық және зияткерлік салаларды қамтиды. JANA BELES FEST-2024 фестивалі елордалық жастардың ең мықты және жігерлі шығармашылық өкілдерін біріктіретін алаң болып отыр.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.