00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Республикалық VI Паралимпиада ойындарында елордалық 66 спортшы бақ сынайды

28 сәуір, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Республикалық VI Паралимпиада ойындарында елордалық 66 спортшы бақ сынайды
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада республикалық VI Паралимпиада ойындарына қатысатын елордалық команда мүшелерін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Елімізде паралимпиадалық ойындар төрт жылда бір рет өтетін ірі кешенді жарыстардың бірі. Үш кезеңнен тұратын сайыс 10-30 мамыр аралығында Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында өтеді. 

Спортшыларды шығарып салу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. 

бацкен 1.jpeg

Елімізде алтыншы рет өткелі тұрған Паралимпиада ойындарында сіздерге сәттілік тілеймін. Президенттің бұқаралық спорт түрлерін дамыту бойынша берілген тапсырмасы жүйелі түрде орындалып жатыр деп айта аламыз. Астанада параспорт түрлері жақсы дамып келеді. Алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетіп, елордамыздың мәртебесін көтере беріңіздер. Спорттық мансаптарыңыз жақсы нәтижеге толы болсын, - деді Есет Байкен.

Қала әкімі орынбасарының құттықтау сөзінен кейін бокстан Атланта және Сидней Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділовке Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстады.

байкен.jpeg

Құрметті Жұмаділов Болат Нұретдинұлы! Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Сізді отандастарымыз дарынды боксшы және ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі. Бүгінде бапкерлік қызметті табысты атқарып болашығынан зор үміт күттіретін шәкірттер тәрбиелеп жүрсіз. Алдағы кезеңде ел спортының дарынды дамуына жан-жақты үлес қосуыңызға тілектеспін. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақыт тілеймін, - деп жазылған құттықтау хатта. 

Жиында бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев те параспортшыларға тілегін жеткізді.

сапиев.jpeg

Біздің елімізде параспорт түрлеріне ерекше назар аударылып келеді. Қатарымызда Паралимпиада чемпиондары да бар. Паралимпиада ойындарында бақ сынайтын барлық спортшыға сәттілік тілеймін. Бапкерлер мен жалпы елордалықтар сіздерге сенеді, - деді С.Сәпиев.

Парадзюдодан бірнеше дүркін жүлдегер және ұлттық құрама мүшесі Қайырлы Гүлдебаев құрама мүшелеріне жақсы нәтиже көрсетуді тіледі. 

спорт.jpeg

Параспортшыларды ресми шығарып салу рәсімін өткізіп жатқандарыңызға рақмет айтамын. Алдағы жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, бастысы, жарақатсыз оралуларыңызға тілектеспін. Астана құрама командасы жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін. Бізге жүктелген міндет ауыр болғанымен, біздің мақсатымыз айқын. Әрқашан көк туымызды желбіретіп жүре берейік,- деді Қайырлы Гүлдебаев.

Астанадағы Мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебінің басшысы Азамат Тағаевтың сөзінше, елордалық құрама спортшылары алдын ала іріктеуден өткен. 

Біздің бапкерлеріміз спорт түріне байланысты іріктеу өткізді. Бүгінде спорт мектебінде 500-ге жуық спортшы бар. Олар 17 спорт түрі бойынша дайындалады. Бүгінгі іс-шара спортшыларды жігерлендіру және жауапкершілік сезіндіру мақсатында өткізіліп тұр.  Алдағы додада үздік нәтиже көрсеткен спортшы ұлттық құрамаға өтеді, - деді ол. 

спорт мектебі.jpeg

VI Паралимпиада ойындары үш кезең бойынша өтеді. Бірінші кезеңі Алматыда жеңіл атлетикадан өтеді. Астанада пара оқ ату, парапауэфрлифтинг, паратаеквоно түрлерінен болады. Үшінші кезең бойынша спортшылар Ақтөбе қаласында параүстел теннисі, паражүзу, парадзюдо, волейболды отырып ойнау түрлерінен бақ сынайды.

Айта кетейік, бүгін елордада парадзюдодан Азия чемпионаты басталды. Елорда намысын әлем чемпиондары Ақмарал Науатбек, Шамей Ерғали, Бауыржан Арыстанбеков, паралимпиада ойындарының қатысушысы, паражүзуден әлем чемпионатының жүлдегері Сиязбек Далиев, үстел теннисінен халықаралық жарыстардың жүлдегері Алтынай Ержанқызы қорғайтын болады. 

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ