00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қос әлем чемпионатында ешқандай қобалжу болмады – Ризабек Айтмұхан

Қос әлем чемпионатында ешқандай қобалжу болмады – Ризабек Айтмұхан
Фото: Василий Крась

Бүгін күрес түрлерінен 23-29 қазан күндері  Албания елінің астанасы Тиранада өткен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында бақ сынаған Ризабек Айтмұхан Elordainfo.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

–  20 және 23 жасқа дейінгі Әлем чемпионатының қандай айырмашылықтарын байқадыңыз?

 – Менің жасым 20-да. Сондықтан бірнеше санатта күресе аламын. 20 жасқа дейінгі жарыс жастардікі ретінде саналса, 23 жасқа дейінгі әлем чемпионаты ересектер санатына жатады. 1,5 ай ішінде 2 мәрте топ жарғаныма қуаныштымын. Негізі Париж Олимпиадасына бару мақсатым еді. Бірақ бұйырмады. Одан кейін осы 2 әлем чемпионатына дайындалдым. Бұл да –  оңай емес. Әр жарыстың өз мықтылары бар. Мақсатымның орындалғанына қуаныштымын. Әлем чемпионатында жеңіске жеткенде күшті сезімде боласың. Себебі, әр спортшы жаһандық додада топ жаруды көздейді. Қазақтың көк туын әлемдік бәсекеде үшінші рет көтергеніме разымын. Барша қолдаған жанкүйерлерге алғысымды айтамын.

– Әлем чемпионатындағы әсеріңізбен бөліссеңіз? Қай қарсылас қиынға соқты?

– Ең қиын қарсылас өзім болдым. Өйткені психологиялық жағынан үлкен жауапкершілік болды. Ал қарсыластардың арасынан финалдағы Иран спортшысы қиынға соқты. Себебі, Иран әлемдегі ең мықты балуандар жиналған мемлекеттердің қатарына кіреді.

– Бірнеше жыл бұрын қазақ баласы Әлем чемпионатында топ жара алмайтындай көрінген еді. Бірақ 1 жылдың ішінде 3 түрлі санатта топ жарып үлгердің. Сіз үшін психологиялық жағынан қай жеңіс сенімділік сыйлады?

 – 2023 жылы ересектер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы атанғанда, өзіме деген сенімділігім артты. Нәтижесінде биыл қос әлем чемпионатында ешқандай қобалжу болмады. Қазақстан жанкүйерлері менен тек қана алтын күткендіктен, жауапкершілікті сезіндім. Психологиялық жағынан осы қиын болды.

– Ресей балуандарының түрлі елдерінің азаматтығын алып, Әлем чемпионатына қатысуы жарыстың бәсекесін арттырды деп ойлайсыз ба? Легионерлерге байланысты көзқарасыңыз қандай?

 –  Әлем чемпионаты болған соң, мықтылармен өтуі керек. Чемпион атану үшін, 100-ге жуық елдің спортшылары сынға түскенімен, Ресей, АҚШ, Иранның жөні бөлек. Ресейдің балуандарын жеңу кімге болса да, оңайға түспейді. Бірақ боз кілемдегі мұндай кездесулер спортшыны одан әрі шыңдайды. Сондықтан барлығы қатысқаны дұрыс деп ойлаймын.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Енді 1-2 апта тынығамын. Одан кейін босаңсуға жол бермей, Қазақстан чемпионаты, Азия, Әлем чемпионаттарына деген дайындығымды жалғастырамын.