Мәслихат депутаттары көлік айрығының құрылыс барысын тексерді
Бүгін елордалық мәслихат депутаттары Ш.Бейсекова көшесі мен Н.Тілендиев даңғылының қиылысында салынып жатқан екі деңгейлі көлік айрығының құрылыс барысын тексерді. Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жұмыс кестесіне сәйкес жүргізіліп, 60%-ға орындалды. Барлық металл конструкциялары келесі жылдың қаңтар айының соңына дейін жеткізілетін болады. Нысанды пайдалануға беру 2024 жылдың қазан айына жоспарланған, ал 2026 жылы айналасын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған», - деді Е.Каналимов.
Сонымен қатар, депутаттар №41 орта мектептің қосалқы ғимаратын салу мәселелерін талқылады.
«Екі қабатты ғимарат 600 оқушыға арналған, нысанның құрылысын 2025 жылдың жазында аяқтау жоспарланып отыр. Сапар барысында депутаттар жеке инвестиция есебінен ашылған KOKTAL JUNIOR HALL жастар үйінің қызметімен танысты. Бұл орталыққа жақын маңдағы тұрғын аудандардан 1000-нан астам бала келеді. Мұнда мектеп бағдарламасы бойынша қосымша білім беріледі, шет тілдері, робототехника сабақтары өткізіледі, сондай-ақ түрлі өнер үйірмелері мен спорт секциялары жұмыс істейді», - деді ол.