LRT алғашқы қызметкерлері оқытудың бірінші кезеңінен өтті

1 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
LRT алғашқы қызметкерлері оқытудың бірінші кезеңінен өтті
Фото: City Transportation Systems

LRT-нің 29 қызметкері 3 наурызда Астанада басталған алғашқы оқыту модулін сәтті аяқтады. Бірінші кезеңде қатысушылар теориялық білім алып, тестілеуден сәтті өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазіргі уақытта олар екінші модульді оқуға кірісті, одан кейін Қытайға барып, практикалық сабақтар мен тағылымдамадан өтеді.

1 қыркүйекке дейін есептелген оқыту бағдарламасы Астана қаласы (Қазақстан) және Тяньцзинь қаласында (ҚХР) іске асырылады. Оның мақсаты – LRT жүйелерін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша мамандар даярлау. Сабақтарды Тяньцзинь метрополитені мен Чжэнчжоу теміржол кәсіптік-техникалық университетінің сарапшылары жүргізеді, - делінген City Transportation Systems ЖШС хабарламасында.

2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы қаңтарға дейін бағдарламаға қатысуға 140 өтінім берілді, оның ішінде 29 үміткер іріктелді. Олардың қатарында Астана қаласының 15 тұрғыны, сондай-ақ Алматы, Тараз, Есіл, Павлодар, Көкшетау, Арқалық, Қарағанды, Екібастұз, Қызылорда және Абай өңірінің өкілдері бар. Білім алушылардың орташа жасы 33 жасты құрайды.

Бағдарлама қалалық теміржол көлігінің негіздерін, оның жүйелерінің негізгі компоненттерін және төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет алгоритмдерін оқып-үйренуді қамтиды.

Оқыту LRT құрылысын жүзеге асыруға арналған EPC келісімшарты шеңберінде жүргізіледі және оны мердігер China Railway Asia-Europe Construction Investment компаниясы жүзеге асырады.