Астанада спортшылар «Таза Қазақстан» экоакциясына қолдау көрсетті


Бүгін Астанада Virtus теннистен әлем чемпионаты аясында спортшылар ағаш отырғызып, «Таза Қазақстан» экоакциясына қолдау көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған 8 елден келген спортшылар мен Астана қаласы әкімдігінен өкілдер қатысты.
«Әлемнің түкпір-түкпірінен келген делегация мүшелерімен бірге ағаш отырғызу - инклюзия мен табиғатқа қамқорлық қатар жүретін болашаққа қосқан үлесіміз. Бұл аллея чемпионат спортшылардың өміріне ғана емес, қала мен қоғамның өміріне де оң өзгерістер әкелетіндігінің символына айналады”, - деді «Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» президенті Дина Темірғалиева.
Қазір Астанадағы «Дәулет» теннис орталығында теннистен Virtus әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Қазақстан интеллектуалды даму ерекшеліктері бар жаһандық доданы Азия құрлығынан бірінші болып қабылдаған ел атанды.
«Іс-шараны ұйымдастыру жоғары деңгейде екенін айтқым келеді. Себебі іс-шарада ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Үлкен кәсібилік пен іске деген сүйіспеншілік сезіледі. Қазақстан жарқын әрі жақсы әсер қалдырды. Осындай қонақжайлық үшін алғыс білдіремін», - деді Virtus халықаралық федерация өкілі Лесли Вайтхэд.



