Астанада музыкалық жас көрермен театрында табысқан он алтыншы жұп шаңырақ көтерді

16 наурыз, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Астанада музыкалық жас көрермен театрында табысқан он алтыншы жұп шаңырақ көтерді
Elordainfo.kz

Астанада музыкалық жас көрермен театрында 16 наурыз – Шаңырақ күніне орай, театр қабырғасында танысып, табысқан он алтыншы жұптың ақ некесі қиылды. Бұл туралы Elordainfo.kz хабарлайды. 

Іс-шара ата-бабаларымызда «Шаңырақ көтеру» атты ерекше дәстүр-салтын насихаттауды мақсат тұтып отыр.

Театрда бір-біріне үйленіп отбасын құрған 15 жұп бар. Ал бүгінгі Шаңырақ күні театрда табысқан 16-жұп Айдос Амандық пен Айдана Болаттың некелерін қию рәсімі өтті.

Шара барысында неке қию рәсімімен қатар әндер айтылып, күй тартылды. Жас отбасыға бата беріліп, тілектер айтылды. Отбасылық құндылықтар дәріптелді.

Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы.

Шаңырақ көтеріп жатқан Айдос Амандықтың айтуынша, Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы Шаңырақ күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.

"Шаңырақ күні қазақстандықтардың жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм мен адамгершілікті қалыптастыруға үндейді. Бүгін мұсылманша некемізді, заңды некемізді киелі сахнада Шаңырақ күнінде қиып жатырмыз. Біз театрда табысқан 16-жұппыз. Бұл біз үшін екі есе бақыт. Алдымызда үйленген аға-әпкелеріміз қазір үбірлі-шүбірлі, берекесі мен бірлігі жарасқан жарасымды отбасыға айналып отыр. Алдағы уақытта да осы игі дәстүр жалғасады деп ойлаймыз”, - деді ол.

Үлкен өмірге қадам басқан жұп қалай танысқандарын айтып берді.

"Осы театрда 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмыз. Жарымның аты - Айдана Болат. Университет қабырғасында танысқан болатынбыз. Университетке талапкер болып келіп тұрғанымызда танысып, дос болып кеттік. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, Асхат Маемиров шеберханасында бірге оқығанбыз. Ең алғаш танысқанда “Мисс Көкшетау” екенін естіп, маған қарай ма екен?” деп, батылым жетпеді. 2 жыл дос болып, араласқаннан кейін барып, сезімімді білдіріп, қызым болуға ұсыныс жасадым, енді, міне, шаңырақ көтергелі отырмыз”,- деді Айдос.