Елордада туберкулездің алдын алу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр

Бүгін, 15:56
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада туберкулездің алдын алу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада туберкулезге қарсы жүргізілген шаралар оң нәтижесін беруде. Жаңа туған нәрестелерді вакцинациялау деңгейі 95%-дан асып, өлім-жітім екі есеге жуық төмендеді. Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні қарсаңында Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2024 жылдың қорытындыларын жария етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева негізгі көрсеткіштерді атады.

Оның айтуынша, 2024 жылы қалада 32 548 нәресте дүниеге келді, олардың 95,3%-ы БЦЖ вакцинасын алды. Ал соңғы бес жылда Астанада туберкулезге шалдығу көрсеткіші 22%-ға, аурудың таралуы 26,6%-ға, ал өлім-жітім 47%-ға төмендеген.

«Астанада «GeneXpert» жоғары сезімтал ПТР-диагностика әдісі кеңінен қолданылады. Бұл әдіс туберкулез қоздырғышын және оның дәріге төзімділігін небәрі 2 сағат ішінде анықтайды. Қазіргі уақытта қалада төрт аппарат жұмыс істейді. Үшеуі емханаларда, біреуі қалалық фтизиопульмонология орталығында орналасқан.

Туберкулезге қарсы қызметтің жетістіктері – медициналық мекемелер, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау басқармалары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар арасындағы жүйелі ынтымақтастықтың нәтижесі. 2024 жылы жоғары қауіп тобына жататын азаматтар (АИТВ жұқтырғандар, алкоголь мен есірткіге тәуелді адамдар, мигранттар мен баспанасыз жандар) скринингтік тексеруден өткізілді. Бұл жұмыстарға Полиция департаменті мен Жұмыспен қамту басқармасы да белсенді түрде атсалысты», - дейді Жанна Пралиева.

Ол сөзін жалғай отырып, әлемде жыл сайын 24 наурыз күні Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні аталып өтетінін, осыған орай, 2025 жылғы 24 ақпаннан 24 наурызға дейін Астанада «Иә, біз туберкулезді жеңе аламыз: міндеттенеміз, инвестиция жасаймыз, әрекет етеміз!» ұранымен ауқымды туберкулездің алдын алу айлығы өтіп жатқанын жеткізді.

«Айлық аясында емханаларда ашық есік күндері, көшпелі флюорографиялық тексерулер, мектептер мен ЖОО-ларда дәрістер өткізіліп, барлық қала тұрғындарына маман кеңестері ұйымдастырылды.

2025 жылы елордада туберкулезбен күреске бағытталған сандық шешімдерді (емдеу барысын бейнебақылау арқылы қадағалау) енгізу жалғасын табады. Сонымен қатар амбулаториялық ем алып жатқан науқастарға әлеуметтік қолдау бағдарламалары іске асырылады. Негізгі басымдық – қауіп тобындағы адамдар арасында алдын алу шараларын күшейту және сырқаттанушылық пен өлім-жітімді одан әрі азайту», - деп департамент басшысының орынбасары сөзін қорытындылады.