Елімізде дарынды оқушыларды қолдауға арналған цифрлық платформа құрылады

13 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елімізде дарынды оқушыларды қолдауға арналған цифрлық платформа құрылады
фото: Оңалхан Өнерхан

Сәуір айынан бастап Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл цифрлық жоба республикалық және халықаралық сайыстарға оқушыларды дайындаудың маңызды құралына айналып, онлайн-білім алу мен тәжірибелі тренерлермен кеңесу мүмкіндігін ұсынады. Сонымен қатар оқушыларға білімдерін жетілдіруге және интеллектуалдық байқауларға дайындықтарын арттыруға көмектеседі. Бірінші кезеңде прокторинг жүйесін қолданып онлайн-олимпиадалар мен конкурстар өткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта онлайн-сабақтар ұйымдастырылатын болады.

«Платформа дарынды оқушылардың дамуына және педагогтердің біліктілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып, оқу процесіне заманауи білім беру технологияларын енгізуге ықпал етеді. Біз SMART Daryn жобасы дарынды оқушылар үшін сапалы білім алуды айтарлықтай жеңілдетіп, білім беру жүйесінің барлық қатысушылары арасында тиімді өзара әрекеттестік орнататынына сенімдіміз», — дейді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Сонымен қатар платформада дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына түсу үшін емтихандар өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда Қазақстанда 130-дан астам мамандандырылған мектеп бар. Сондай-ақ SMART Daryn педагогтер үшін әдістемелік материалдар мен кеңестерден тұратын онлайн-кітапхана ұсынатын болады.