Референдум-2026

Жылу маусымы: Еліміздің ЖЭО-ларында 4,1 млн тонна көмір жиналды

Бүгін, 15:55
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жылу маусымы: Еліміздің ЖЭО-ларында 4,1 млн тонна көмір жиналды
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

Жаңа жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталғаннан бері (1 мамыр - 17 тамыз) республика бойынша теміржол көлігімен 19 млн тонна көмір тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей деңгейде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Оның ішінде 17,8 млн тонна еліміздің жылу электр орталықтарын (ЖЭО) қамтамасыз етуге, тағы 1,2 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық секторға жөнелтілді.

«Қазіргі уақытта өңірлерде қатты отынның қажетті қоры қалыптастырылды. Коммуналдық-тұрмыстық секторда 300 мың тоннадан астам көмір, ал еліміздің ЖЭО-ларында 4,1 млн тонна көмір жинақталды», - делінген хабарламада.

Алдағы жылу беру маусымында көмірді тұрақты әрі уақтылы тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар кешені іске асуда. Негізгі назар жылу энергетикасы объектілері мен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен үздіксіз қамтамасыз етуге, тасымалдау процесін тұрақты ұйымдастыруға, сондай-ақ жүктеме жоғары кезеңде теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамды тиімді пайдалануға аударылуда.

Жыл сайын күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында көмір тасымалдау жөніндегі Жедел штаб жұмыс істейді. Штаб тәулік бойы көмір разрездерінен көмір тиеуді бақылауды жүзеге асырып, бос жылжымалы құрамды беруді үйлестіреді және теміржол желісі бойынша жүк ағындарын жедел жоспарлауды қамтамасыз етеді.

Қажетті тасымалдау көлемдерін қамтамасыз ету үшін «Қазтеміртранс» АҚ 29 мың жартылай вагонға ие. Қолда бар вагон паркі жылу электр орталықтарына, коммуналдық-тұрмыстық секторға және өнеркәсіптік тұтынушыларға қатты отынды тасымалдау қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, елімізде көмір жеткізілімі бірыңғай цифрлық жүйе арқылы бақыланады.