ЖИ оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады – елордалық мектеп директоры Жанат Айтова
Президент бастамасымен «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында ашылған елордадағы №103 орта мектепте мұғалімдер сабақ жоспарына жаңа технологияларды енгізіп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырды. Бұл туралы аталмыш білім ордасының директоры Жанат Айтова айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мектеп директоры Жанат Айтова білім ордасында ақпараттық технологияларды қолдануға көбірек мән берілетініне тоқталды.
«Қазіргі таңда мектебімізде бес компьютер сыныбы, 90 интерактивті тақта бар. Мұғалімдер сабақ барысында презентация, бейнематериал, онлайн тест және цифрлық тапсырмаларды дайындап, ЖИ-ді кеңінен қолданады. Сонымен қатар Kundelik.kz электрондық журналы енгізіліп, ата-аналар мен оқушыларға оқу үлгерімін онлайн бақылауға мүмкіндік берілді», - деді ол.
Мектепте информатика пәні, робототехника үйірмелері, бағдарламалау негіздері оқытылады. STEM-білім беру, 3D модельдеу, цифрлық зертханалар қолданылып, ақпараттық технологиялар оқу процесіне тереңдетіліп енгізілген.

Мектеп басшысының айтуынша, ұжымда ақпараттық технологияларды қолдану деңгейі жоғары. Оны оқыту сапасын арттырудың негізгі құралына айналдыру үшін мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыра отырып, инфрақұрылымды дамыту қажет.
Ұстаздар жұмыс барысында Khan Academy Kids (AI), Twee, Canva, Quizizz, ChatGPT, QANDA, Photomath, Mathway, GitHub Copilot, Replit AI, Wolfram Alpha, PhET Simulations AI, Wordwall, Grammarly, LanguageTool сияқты бағдарламаларды пайдаланады.
Сонымен қатар директор орта мектептің басқа білім ошақтарынан айырмашылығына тоқтала кетті.
«Ұлттық жоба бойынша ашылған мектебіміздің басты ерекшелігі – барлық бала үшін сапалы әрі тең білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Біздің міндетіміз – білімдегі теңсіздікті жою, заманауи, қауіпсіз және қолайлы мектеп ортасын қалыптастыру, оқушының тұлғалық дамуына бағытталған білім беру, мұғалім беделін арттыру және кәсіби қолдау көрсету қағидасын ұстану. Сондай-ақ ұлт болашағын тәрбиелейтін адами капиталды дамыту», — деді мектеп басшысы.
Оқу орны гимназия мен лицейлерге қойылатын талаптарға толыққанды жауап беретіндігімен ерекшеленеді. Сәйкесінше, оқушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі жоба ұсынылады:
- «English speaking club» жобасы – 5–7 сынып оқушыларының ағылшын тілінде еркін сөйлеу қабілетін дамыту;
- «Көркем жазу» жобасы – бастауыш сынып оқушыларының жазу мәдениетін, сауатты әрі көркем жазу дағдыларын қалыптастыру;
- «Салауатты тамақтану» жобасы – оқушылардың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыру арқылы денсаулыққа жауапкершілікпен қарау;
- «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасының мақсаты – оқушылардың рухани-адамгершілік, азаматтық, патриоттық және әлеуметтік құндылықтарын қалыптастыру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, жауапкершілігі жоғары, саналы әрі мәдениетті тұлға тәрбиелеу;
- «Smart бала» жобасының мақсаты – оқушылардың зияткерлік, тілдік, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын кешенді дамыту, құндылыққа негізделген білім беру арқылы саналы, жауапкершілігі жоғары, салауатты өмір салтын ұстанатын және бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру.

Мектепте мұғалімдердің кәсіби дамуына ұдайы көңіл бөлініп келеді. Педагогтер біліктілікті арттыру курстарына тұрақты түрде қатысады. Шығармашылық және әдістемелік топтарда жұмыс істеп, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылады. Сондай-ақ инновациялық тәжірибені енгізу мен зерттеу жұмысын жүргізуге жағдай жасалған. Сәйкесінше, ұстаздар білім беру мазмұнын жаңартып, цифрлық технологияларды сабақта тиімді қолдануға қол жеткізеді.
«Сабақтарда цифрлық технологияларды қолдану арқылы оқушылардың танымдық белсенділігі мен қызығушылығы артып келеді. «Адал азамат» сияқты тәрбие бағдарламалары жүзеге асырылып, оқушыларды адалдыққа, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелейміз. Мектептегі заманауи кітапхана, робототехника және STEM кабинеттері оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік және инженерлік қабілетін дамытуға кең мүмкіндік береді. Осындай заманауи білім беру ордасында еңбек ету – ұстаз ретінде үлкен жауапкершілік пен кәсіби мақтаныш деп білемін», - деді тарих пәнінің мұғалімі Ботагөз Шапишева.
«Жайлы мектептердің мұғалімдер біліктілігіне қоятын басты талабы – педагог-сарапшылар, педагог-зерттеушілер және педагог-шеберлерден жасақталған ұжымды қалыптастыру. Дегенмен жолдама бойынша келген жас мамандарды қабылдауға да ашықпыз. Бүгінгі жас ұстаз – ертеңгі тәжірибелі маман. Біз осыған сенім білдіреміз және сол сенімді іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында жас мамандарға тәлімгерлік қызметі ұйымдастырылады», - деді мектеп басшысы Жанат Айтова.
Мектепте оқушылардың экологиялық және әлеуметтік жобаларға қатысуына кең мүмкіндік жасалған. Оқушылар республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып, мектеп ауласын, қоғамдық орындарды тазалау, көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстарына атсалысады. Сонымен қатар «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы аясында табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны сақтауға бағытталған практикалық жұмыстар жүргізіледі.
Мектептегі жобалық жұмыстар оқу үдерісімен ұштастырылып, оқушылардың бастамашылдығы мен көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталады. Оған дәлел ретінде 9–11 сынып оқушыларының Astana Hub пен Astana IT University ұйымдастыруымен өткізілген стартап-байқауларға, IT-форумдарға, Demo Day және шеберлік сабақтарына қатысуын атап өтуге болады.
Сонымен қатар мектеп пен отбасы арасындағы тәрбиелік байланысты нығайту мақсатында арнайы қоғамдық клубтар жұмыс істейді. Атап айтқанда, әкелер қауымдастығы «Берік тірек» әкелер кеңесі атауымен жұмыс істеп, оқушыларды жауапкершілікке, еңбекқорлыққа, отбасылық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар өткізеді.

Ал аналар, әжелер мен жеңгелерді қамтитын тәрбиелік алаң «Ізгілік пен өнеге мектебі» атауымен ұйымдастырылып, ұлттық тәрбие, қыз бала тәрбиесі, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға ерекше мән береді.
Айта кету керек, білім ордасындағы ұстаздардың жетістіктері аз емес. Ұстаздар қалалық, республикалық деңгейдегі байқаулар мен ғылыми-әдістемелік конференцияларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Педагогтер авторлық бағдарламалар мен әдістемелік ұсыныстар әзірлеп, білім беру сапасын арттыруға үлес қосуда. Олардың жетістігінің арқасында мектептің екі оқушысы 2–7 сыныптар арасындағы «Зерде» балалар зерттеу жұмыстары мен шығармашылық сайысының республикалық кезеңінде жүлделі І орынды иеленді.
«17–19 қаңтар аралығында Алматы қаласында өткен Халықаралық І таланттар саммитінде ұстазымыз Алма Ысқақова біліктілікті арттыру бағдарламасынан өтіп келді. IT және робототехника бағытында «AI ROBOTICS & Drone» қалалық чемпионатында информатика пәнінің ұстазы Дархан Әубәкіров І дәрежелі дипломды иеленді, ал Жақсылық Мұқамедқали – Республикалық «Ой сандық» жарысының 2025 жылғы 1-орын иегері», - деді директор.
Жанат Айтова жетістікке жеткен оқушылары көп екенін мақтанышпен жеткізді. Олар ғылыми жобалар байқауында, пәндік олимпиадаларда, робототехника, IT, дрон жарыстары мен шығармашылық конкурстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
«Үздік оқушымыз Назерке Қажымұратова 17–19 қаңтар аралығында мектебіміздің өкілдерімен Алматыда өткен Халықаралық таланттар саммитіне қатысып, «Жасанды интеллект және деректерді өңдеу жүйелері» жобасын қорғады. 6-сынып оқушысы Әрсен Жеңісхан «ProФест» қалалық мамандықтар фестивалінің «IT Explorer» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2025 жылдың 28–31 қаңтары аралығында өткен «Зерде» ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңінің қорытындысы бойынша екі оқушымыз жүлделі І орынды иеленді. Ал 8–11 сынып оқушылары арасында өтетін республикалық ғылыми жобалар байқауының қалалық кезеңінде 6 оқушымыз сәтті өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орындарға ие болды», - деп мәлімдеді Жанат Айтова.
Мектеп шәкірттері оқу ордасы мен ұстаздар қауымына алғыс айтып, өз жетістіктері педагогтер еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
«Заманауи үлгіде салынған мектебіміз бізге жаңа туындылар жасауға көп мүмкіндік береді. Мұғалімдеріміз білімге деген құштарлығымды ашуға зор үлес қосты. Әр кабинетте интерактивті тақталар бар. Мұғалімдер сол тақталар арқылы сабақты қызықты өткізеді. Осындай мектепте білім алғанымды мақтаныш тұтамын», - деді биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басуға бет алған Ақзере Орынбасар.
2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша мектептің төрт түлегі «Алтын белгімен», алты түлегі үздік аттестатпен бітірді. Бұл да білім ордасы жетістігінің айқын дәлелі.

Бірғаным Ахметова