Жазғы маусымда туристік аймақтарға бақылау күшейді: 470 нысанның қызметіне тыйым салынды
Жазғы туристік маусымда еліміздегі туристік аймақтар мен қоғамдық жағажайлардың санитариялық жағдайына бақылау күшейтілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, Комитеттің аумақтық бөлімшелері бүгінде 1 225 курорттық аймақ пен 304 қоғамдық жағажайға тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүргізіп отыр. Соның ішінде 706 демалыс базасы мен 120 қоғамдық жағажай жоғары эпидемиялық маңызы бар нысан ретінде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алған.
Спикердің сөзінше, туристік инфрақұрылым нысандарының санитариялық жағдайына мемлекеттік бақылау мен мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 900 ұсыным берілген.
«Анықталған кемшіліктердің басым бөлігі рұқсат беру құжаттарының болмауына байланысты болды. Сонымен қатар санитариялық заңнама талаптарын бұза отырып жұмыс істеген нысандарға қатысты 470 жедел ден қою шарасы қабылданып, олардың қызметіне тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 247 нысан анықталған заңбұзушылықтарды жойып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды», – деді Сархат Бейсенова.
Сондай-ақ ол азаматтарды санитариялық заңнама талаптарының бұзылғанын байқаса, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгінуге шақырды.
Бұған дейін Қазақстанда үздік 5 туристік ауыл анықталғанын жазған болатынбыз.