Жаңа Салық кодексінде экономикалық белсенділікті арттыру үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, бизнес жүктемесін азайтуға және экономикалық белсенділікті ынталандыруға арналған жаңа Салық кодексі күшіне енді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа кодекс салық жүйесін айтарлықтай оңайлатып отыр: салық есептілігінің көлемі 30%-ға, салық саны 20%-ға қысқарды. Салықтық жеңілдік пен алымды оңтайландыру жүргізіліп, жаңа салықтық әкімшілендіру тәсілдері енгізілді. Камералдық бақылау алдын алу және кезеңдік сипатта жүргізіледі. Салық берешегін өндіріп алу, сондай-ақ кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімі жеңілдетіледі. Берешек аз болса, бизнестің шоты бұғатталмайды. Хабарлама мен ықпал ету шарасы қарыз мөлшеріне қарай кезең-кезеңмен қолданылады.
Жаңа Салық кодексі шеңберінде кіру және ішкі туризм саласындағы туроператор қызметі айналымы қосылған құн салығынан босатылады. Қабылданған шара туристік саланы дамытуға қосымша серпін беруге, ішкі нарықтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және бәсекеге қабілетті туристік өнімді қалыптастыруға арналған. ҚҚС-тан босату соңғы тұтынушы үшін туристік қызмет құнын төмендетуге, бизнеске неғұрлым қолайлы жағдай жасауға және туристік ағынның шетелдіктер есебінен өсуін ынталандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, салық преференциялары кітап шығару саласына қолданылады. 2026 жылдан бастап отандық кітап басылымын сату айналымы, сондай-ақ оларды баспа форматында шығару қызметі ҚҚС-тан босатылады. Бұл норма ұлттық баспагерлер мен авторларды қолдауға, кітап оқу мәдениетін дамытуға және баспа өнімдеріне халықтың қол жеткізуін арттыруға бағытталған.
Салық жүктемесін төмендету кітап шығарудың өзіндік құнын төмендетуге, отандық әдебиеттер ассортиментін кеңейтуге және ішкі нарықтағы қазақстандық кітап шығару позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуде тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығынан босатылады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында есепке жатқызылатын қосымша ҚҚС мөлшері 70-тен 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл салық жүктемесін қолданыстағы деңгеймен салыстырғанда төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстанда қайта өңделетін шикізат пен материалдардың импорты үшін ҚҚС төлеу бір жылға кейінге қалдырылады.
Инвестицияны ынталандыру, өндірісті жаңғырту үшін құрылыс, жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу, сондай-ақ оларды қайта құру мен жаңғырту шығыны бойынша 100 пайыздық шегерім енгізілді. Бұдан басқа, ғылыми әзірлемені қаржыландыруға 300 пайыз мөлшерінде супер шегерім қолданылады.
Қор нарығын ынталандыру және компаниялардың капиталды қажетсінетін және ұзақмерзімдік жобаларға инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейту мақсатында Қазақстан аумағында жұмыс істейтін қор биржаларының ресми тізіміндегі бағалы қағаздарға дивиденд есептелетін күні салық салудан босату жеңілдігі сақталды. Сондай-ақ, белгілі бір кезеңге бірқатар салық төлеуден босатуды көздейтін арнайы экономикалық аймақтар мен инвестициялар туралы келісімдер шеңберінде инвестиция тартудың оң нәтижесін көрсеткен жеңілдіктер сақталды.
Жаңа Салық кодексінде таусылған кен орындарын геологиялық барлауға және игеруге инвестицияны ынталандыруға ерекше назар аударылды. Пайдалы қазбаларды өңдеу және геологиялық барлау үшін жеңілдіктер, соның ішінде жаңа жобалар үшін бес жыл мерзімге ПҚӨС нөлдік мөлшерлемесін белгілеу қарастырылған. Осы шараларды іске асыру тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және саланың ұзақмерзімдік дамуына оң ықпал етеді.
Арнайы салық режимі оңтайландырылып, оның саны жетіден үшке қысқарды. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеңілдетілген декларация негізінде, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары үшін. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимін қолдану кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді. Бірыңғай ең төменгі төлем 4 пайыз. Арнайы салық режимі үшін оңайлатылған декларация негізінде 600 мың АЕК мөлшерінде шекті табыс белгіленді. Бұл ретте қызметкер саны шектелмейді. Осы режимді қолданатын кәсіпкерлер ҚҚС және әлеуметтік салық төлеушіге жатпайды.
Мәселенің және халықаралық практиканың әлеуметтік маңыздылығын ескерсек, Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығатын адамдарды, сондай-ақ мұрагерлік тәртібімен алынған төлемді қоспағанда, БЖЗҚ зейнетақы төлемін жеке табыс салығынан босату енгізілді.
Бұдан басқа, жеңіл автомобиль салығы пайдалану мерзіміне байланысты төмендеді. Енді 10 жылдан 20 жылға дейінгі көлікке - 30 пайыз, 20 жылдан асса, 50 пайыз. Сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салық шегерімінің мөлшері 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін артты. ЖТС бойынша құжаттамалық растауды талап ететін қолданыстағы шегерімнің орнына жеке тұлғаларға 30 еселенген АЕК мөлшерінде ұлғайтылған шегерім енгізілді. Бұл қолға алынатын жалақы мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұдан бұрын елімізде кімдер көлік салығын төлеуден босатылатыны туралы жаздық.