Астанада екі адам аялдама павильоны мен қоғамдық мүлікті бүлдіргені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындардағы мүлікті зақымдау бойынша екі деректі анықтады.
Бірінші жағдайда 40 жастағы ер адам мас күйінде Шоқан Уәлиханов көшесіндегі аялдама павильонын бүлдірген. Тергеу барысында оның шыны есікті бірнеше мәрте ұрып, сындырғаны белгілі болды. Соттың қаулысына сәйкес, құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Екінші оқиға Бөгенбай батыр даңғылында тіркелді. 19 жастағы тұрғын алкогольдік мас күйде болып, жанжал кезінде жылы аялдама жанындағы нысанның қабырғасын аяғымен тепкен, салдарынан жарнама конструкциясы және қабырғаның бір бөлігі бүлінген. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша ол 10 тәулікке қамауға алынып, арнайы қабылдағышқа жеткізілді.
Аталған деректер бойынша келтірілген материалдық шығын есептеліп жатыр. Кейін құқық бұзушыларға келген залалды өтеу туралы талаптар қойылады.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар үшін шамамен 3 мың адам жауапқа тартылған. Сонымен қатар өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бойынша 200-ден астам жағдай тіркелген.
Астаналық полиция қоғамдық орындардағы тәртіпті бұзуға жол берілмейтінін ескертіп, қала тұрғындарын заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Еске салайық, «Заң және тәртіп» бастамасы аясында қалалық прокуратура Полиция департаментімен бірлесіп, вандализмнің алдын алу және оған қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру 60 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түрінде жаза қолданылады.
Сондай-ақ Астанада волонтерлер, белсенділер, танымал спортшылар мен қала тұрғындарының қолдауымен «Стоп, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыстар белсенді жүргізілуде.