«Заң мен тәртіп»: Астанада мектеп оқушыларына арналған профилактикалық кездесу өтті
Астанадағы №103 мектепте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жоғары сынып оқушыларына арналған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараны қалалық Білім басқармасының қолдауымен қалалық Психологиялық қолдау орталығы мен «Есіл» ауданының прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында Астана қаласының Білім басқармасы Қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Сұлтан Иманжан аталған іс-шара жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруды, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуды және оқушылардың өз болашағына қатысты өмірлік маңызды шешімдерді қабылдауда жауапты әрі саналы көзқарас қалыптастыруға үндейтінін атап өтті.

«Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қылмыстық кодексте аса ауыр қылмыс жасағаны үшін (оның ішінде адам өлтіру бойынша) 14 жастан бастап жауапкершілікке тартылады. Сол үшін әр әрекетті жасамас бұрын алдымен сан рет ойланған жөн. Бастысы, күмәнді әрекеттен аулақ болыңыздар. Біз өз тарапымыздан қылмыс жасамауға, заңға бағынуға шақырамыз», – деді «Есіл» ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Ерасыл Досан.
Жиында сөз сөйлеген спикерлер оқушыларға оңай жолмен ақша табудың салдарын түсіндіріп, ақыл-кеңесін берді.